Ауыл – алтын бесік: Жаңажолдың ғасырлық тойы атап өтілді

Бүгін Самар ауданының Аққала ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауылының 100 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Мерекелік жиын ұлан-асыр тойға ұласып, ауыл тұрғындары мен қонақтары айтулы күнді көтеріңкі көңіл-күйде өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңажол ауылының ғасырлық мерекесіне орай жан-жақтан жиналғандар бір-бірімен қуана көрісіп, амандық-саулық сұрасып жатты. Мерейтой салтанаты жаңадан ашылған ауылдық клубтың алдында басталды. Көптен күткен бұл мәдениет ошағының құрылысы биыл аяқталып, ауыл тұрғындары үшін зор қуанышқа айналды.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Серік Жеңісов ауыл халқын айтулы мерекемен құттықтады.
Мәдениет үйінің лентасын қию рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл құрмет аудан әкімі Серік Жеңісовке, Жаңажол мектебін абыроймен басқарып, 40 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнаған Жанат Ахмолдинаға және ауылдың құрметті азаматы, еңбек ардагері, 1971-1979 жылдары «Коммунистік еңбек екпіндісі» куәлігін алған механизатор Елтай Шайхиевқа берілді.
Мерекелік шара аясында қаз-қатар тігілген киіз үйлер ауыл сәнін келтіріп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Арқан тарту, қол күресі, бәйге, қазақ күресі, көкпар сынды жарыстарға жаңажолдықтармен қатар, көрші ауылдардан келген жастар да белсене қатысты. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілікке мерекелік концерттік бағдарлама ұсынып, тойдың көркін қыздырды. Тойға жиналған көпшілік асқа шақырылып, ақсақалдар бата берді.
Ауыл ақсақалы Ғабитбек Шахарбек ауыл тарихына тоқталып, жұртшылыққа көне бейітке қатысты ұсынысын жеткізді.
Мерекелік жиын барысында ауылдың дамуына, мерейтойдың ұйымдастырылуына үлес қосқан жергілікті кәсіпкерлерге, еңбек ардагерлеріне, ұлағатты ұстаздарға, көпбалалы аналар мен ардақты әжелерге арнайы дайындалған «Жаңажол ауылының 100 жылдығы» төсбелгілері табысталды.
Мерейтойлық жиында үлкендер естеліктерімен бөлісіп, ақжарма тілектерін жолдады. Олар ұрпақ сабақтастығы мен туған жерге деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Жүз жылдық шежіресі бар Жаңажол ауылындағы бұл думанды той – өткен тарихты еске алу ғана емес, ел болашағына сеніммен қараған ел бірлігін, берекесін көрсеткен айтулы күн болды.
Фото: Екатерина Семина