ШҚО-да үздік жедел жәрдем бригадалары анықталды

Шығыс Қазақстан облыстық жедел жәрдем станциясының жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы филиалы базасында жедел жәрдем бригадалары арасындағы V облыстық жарыс өтті. Іс-шараның мақсаты – практикалық дағдыларды шыңдау, халықаралық стандарттарды енгізу және өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында атап өткендей, жарысқа Өскемен, Зайсан, Алтай және Шемонайха қалаларынан келген сегіз команда қатысты. Медициналық мамандар шынайы клиникалық жағдайларға негізделген тақырыптық станциялар бойынша білімдері мен практикалық шеберліктерін көрсетті.
Қатысушылар келесі жағдайлар бойынша әрекет ету алгоритмдерін пысықтады:
• көптеген жарақат алған науқас (PHTLS стандарты бойынша реанимациялық қолдау),
• асқынған үй жағдайындағы босану және нәрестенің тұншығуы (NRP хаттамасы бойынша неонаталдық реанимация),
• жедел жүрек жеткіліксіздігі (ACLS – жүрек-қантамыр жүйесінің кеңейтілген қолдауы),
• балалардағы өмірге қауіп төндіретін жағдайлар – мысалы, энергетикалық сусын ішкеннен кейін есін жоғалтқан балаға көмек (PALS алгоритмі бойынша педиатриялық реанимация).
Командалардың жұмысына симуляциялық орталықтың дәрігерлері мен тәуелсіз сарапшылардан құралған қазылар алқасы баға берді. Әрбір кезең халықаралық стандарттарға сәйкестікке негізделген чек-листтер бойынша бағаланды.
Жарыс жеңімпаздары:
• 1 орын – құрама команда (103 балл),
• 2 орын – «П» ауысымының командасы (101 балл),
• 3 орын – Зайсан командасы (99,5 балл).
Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Мұндай жарыстар жедел жәрдем қызметінің кәсіби шеберлігін арттыруға, сондай-ақ тұрғындардың шұғыл медициналық көмекке деген сенімін нығайтуға сеп болады.