Қазақстан мен Чехия тарихи мұраны сақтау және көпсалалы ынтымақтастық аясында өзара байланыстарды нығайтпақ

Шығыс Қазақстан 13-07-2025, 11:00

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Чех Республикасы Парламенті Депутаттар палатасының вице-спикері Ян Бартошек бастаған ресми делегация Өскемен қаласында екіжақты кездесу өткізді. Басқосу аясында тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және тарихи бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Алқалы отырыста Шығыс Қазақстан облысы мен Чех Республикасының арасындағы өзара сауда қатынастарының оң динамикасы атап өтілді. Бүгінде өңірден Чехияға металлургия, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі өнімдері экспортталады. Өз кезегінде, Чехиядан химия өнеркәсібі өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдары, ағаш және қағаз өнімдері, құрылыс материалдары мен көлік құралдары импортталады.

Экономикалық байланыстармен қатар, тараптар білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы өзара әріптестікті дамытуға ниетті екендерін білдірді. Атап айтқанда, тарихи мұраларды сақтау және зерттеу саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді.

Ян Бартошек мырзаның айтуынша, делегация құрамында Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі, Чехияның еліміздегі елшілігі мен тарихшылар да бар. Чехиялық зерттеушілер бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстан аумағындағы лагерьлерде қаза тапқан жауынгерлердің жерленген орындары мен ескерткіштерін анықтаған. Осыған орай, чех тарапы тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында аталған ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехия аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің тағдырына қатысты архивтік деректерді зерттеу, оларды мәңгі есте қалдыру бағытында да бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазақстанда жерленген чех азаматтарына қатысты деректерді жүйелеу және тарихи мұрағаттарды өзара алмасу мәселесі де қарастырылды.

Өз кезегінде, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов чех делегациясын 2025 жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласында өтетін халықаралық инвестициялық форумға арнайы шақырды.

– Бұл алаң Шығыс Қазақстанның инвестициялық әлеуетін кеңінен таныстыруға, сондай-ақ шетелдік бизнес өкілдерімен тікелей іскерлік байланыс орнатуға зор мүмкіндік береді. Чехиялық кәсіпкерлерді өңіріміздегі бірқатар перспективалық жобалармен танысып, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді өңір басшысы.

Кездесу соңында тараптар машина жасау, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Айта кету керек, Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық байланыстар 2005 жылы қабылданған үкіметаралық экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде дамып келеді. Осы кезең ішінде Қазақстан экономикасына тартылған чехиялық тікелей инвестиция көлемі 354,5 миллион АҚШ долларына жеткен.

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Евгений Щетников

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар