АҚШ пен Қазақстан: ШҚО-да серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері қаралды

Өскемен 9-06-2025, 11:13

АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Дебби Робинсон жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді. Іссапар аясында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановпен ресми кездесу өтті. Онда тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды іске асыру және өңірді дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Кездесу барысында облыс әкімі мәртебелі мейманды Шығыс Қазақстанның табиғи байлықтары және өндірістік әлеуетімен таныстырып, өңірдің бірлескен бастамаларға ашық екенін атап өтті.

– Сізді еліміздің шығысында орналасқан көркем өлкеде – Шығыс Қазақстанда қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл аймақ – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қатар дамыған, ерекше табиғаты бар, туристік әлеуеті жоғары өңір. Әсіресе, Өскемендегі титан-магний комбинаты – жаһандық титан өндірісінің 16 пайызын қамтамасыз етіп отырған бірегей кәсіпорын. Сондай-ақ, еліміздегі орман және су ресурстарының ауқымды бөлігі де біздің өңірде орналасқан. Бұл ресурстарды тиімді пайдалана отырып, ағаш өңдеу, балық шаруашылығы мен баламалы энергия көздерін дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Біздің өңірге инвестиция қажет, ал мемлекет шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасауды басты назарда ұстап отыр, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңір басшысы сондай-ақ білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа да тоқталды. Атап айтқанда, ШҚО-да орналасқан Қазақстан-Американдық еркін университеті АҚШ-тың алты жетекші жоғары оқу орнымен тығыз әріптестік орнатқан. Кездесу барысында туризм саласына да айрықша назар аударылды. Әкімнің айтуынша, Риддердегі тау шаңғысы туризмі, Катонқарағай мен Марқакөлдің қайталанбас табиғаты – шетелдік туристер үшін зор қызығушылық тудыратын нысандар.

Өз кезегінде Робинсон ханым жылы қабылдауға ризашылық білдіріп, өңірге алғаш рет келген сәттегі әсерімен бөлісті.

– Заречье өңірі табиғатымен де, адамдарымен де жүрегіме жақын болып кетті. Өзімді үйдегідей сезіндім. АҚШ Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын толық қолдайды және бұл бағыттағы серіктестікті одан әрі дамытуға ниетті. Қазақстан – біз үшін маңызды стратегиялық әріптес, – деді ол.

Кездесу барысында Дебби Робинсон Шығыс Қазақстан өңірінде америкалық тараптың қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалар мен іс-шараларға да тоқталды. Оның айтуынша, Үлбі металлургиялық зауытында қауіпсіздік бағытында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынған.

АҚШ тарапынан 2,5 миллион доллар көлемінде қаржы бөлініп, бұл қаражат зауыттың периметрі бойынша физикалық қауіпсіздік жүйелерін жетілдіруге арналған жабдықтар мен материалдарды қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ, АҚШ-тың Қауіп-қатерді азайту агенттігі Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы заманауи Дағдарысқа қарсы дайындық орталығында ядролық қауіпсіздік бойынша оқыту курстарын әзірлеп, өткізуге қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, оқу инфрақұрылымын дамытуға да көмек берілген.

– Біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып қана қоймай, оны жаңа жобалармен толықтыруды көздейміз. АҚШ осы өңірде бірлескен бастамаларды әрі қарай да қолдауға дайын, – деп атап өтті Дебби ханым.

Кездесу соңында тараптар өзара серіктестікті нығайтуға мүдделі екендерін білдіріп, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, Қазақстанға жасаған алдыңғы сапарларының бірінде Робинсон ханым Орталық Азия өңірімен, оның ішінде Қазақстанмен 30 жылдан астам етене таныс екенін атап өткен болатын. Ол осыдан он жылдан астам уақыт бұрын АҚШ пен Орталық Азия елдерінің бастамасы болып табылатын C5+1 өңірлік платформасының алғашқы үйлестірушісі. Содан бері ол Өзбекстанда, Ауғанстанда, Пәкістанда, Үндістанда және АҚШ-тың сыртқы саясат құрылымдарында жұмыс істеп, Қазақстанда бірнеше мәрте қызметтік сапармен болған. 

Фото: Махаббат Ахметжанова

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар