Иранмен инвестициялық ықпалдастықтың келесі кезеңі - шығыстық кәсіпкерлермен b2b кездесулер

Иран делегациясы мен шығысқазақстандық кәсіпкерлер мал шаруашылығы мен агробизнес саласындағы бірлесіп атқарылуы ықтимал бағыттар бойынша жобаларды жүзеге асыру тетіктерін талқылады. Иран Ислам Республикасынан келген инвестициялық делегация мен Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өндіріс саласындағы құрылымдары b2b форматында нақты жобаларға бағытталған келіссөздер жүргізді. Бұл кездесулер реті – бұған дейін облыс әкімдігінде өткен ресми қабылдаудың жалғасы болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Диалогтың екінші кезеңі «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ алаңында өтті. Мұнда ирандық делегация мен жергілікті бизнес өкілдері бетпе-бет форматта өзара тиімді жобаларды тікелей талқылады. Іскерлік кездесуді ұйымдастырған Корпорацияның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Таңат Сағатұлының айтуынша, өңірге келген екі күн ішінде ирандық кәсіпкерлер бірқатар өндірістік нысандарды аралап үлгеріп, нақты ұсыныстар әзірлеген.
Осы сапардың сәтті ұйымдастырылуына ұйытқы болған «QazTrade» АҚ жанындағы «QazExportPromotion» корпоративтік қорының үйлестірушісі, өңірлерді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Айжан Мұқатаева осыған дейін Тегеранға қазақстандық делегацияны барып қайтқанын жеткізді. Биылғы 15–17 ақпан аралығында Иранға Қазақстаннан барған делегация (пилоттық жоба ретінде) ҚР Индустрия және сауда министрлігімен бірлесіп «QazTrade» АҚ ұйымдастырған сауда-экономикалық миссия аясында жалпы құны шамамен 92 миллион АҚШ долларын құрайтын 10 құжатқа қол қойып, оның ішінде 2 негізгі құжат Шығыс Қазақстан облысының делегациясы тарапынан рәсімделген болатын. Айжан Сабырқызының айтуынша, бұл жолғы келіс ирандықтарға жергілікті әлеуетті көзбен көруге, бірлесіп қызмет ету тетіктерін табуға, екі ел экономикасына тиімді бағыттарды бағамдауға мүмкіндік бермек.
B2b кездесуге қатысқан облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан фермерлер Ассоциациясы ШҚО филиалы төрағасы Самат Қыдырмолда делегаттарға өз ықыласын білдіріп, өңірде қолға алынып жатқан ауқымды істер жайлы жеткізді.
Өз кезегінде ирандық делегаттар нақты нәтижеге нысаналы түрде қадам басып отырғандарын алға тартты.
Тараптар қой шаруашылығы, мал бордақылау, ет өндіру және логистика мәселелерін ғана емес, халықаралық саудадағы құқықтық және қаржылық шектеулерді де ашық талқылады. Жергілікті кәсіпкерлер көкейдегі өзекті сауалдарды төтесінен қойды. Атап айтқанда, ирандық тараптың төлем жүргізу жүйесінде санкциялық кедергілер болуына байланысты қазақстандық кәсіпкерлер бұл бағытта қауіп-қатерлерді алдын ала пысықтауға шақырды. Жауап ретінде ирандық мамандар тексерілген, балама қаржы аудару механизмдерін қолдануға әзір екендерін жеткізді.
Кездесу барысында ветеринарлық бағыттағы түйткілдер де кеңінен қозғалды. Мәселен, мал сою процесінде Иран елі шариғат талаптарына сай имамның қатысуын міндеттейтіні белгілі. Бұл тұрғыдағы іс-қимылдарға екі ел арасындағы бұған дейін қол жеткізілген ветеринарлық келісім кепілдеме болатыны алға тартылды. Сонымен қатар, екпе егілген мал етін импорттауға қатысты мәселе де тілге тиек етілді, себебі жергілікті мұсылман қауымы бұл тұрғыдағы талаптарға да құрметпен қарайтыны сөзсіз. Дегенмен, ирандық делегация бұл бағытта ешқандай кедергі жоқ екенін атап өтті.
Облыс әкімінің кеңесшісі Самат Қыдырмолда өз сөзінде Шығыс Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай жаңа қасапхана салу жоспары барын және бұл жобаны жүзеге асыруға шамамен екі жыл уақыт керектігін жеткізді. Мұндай әлемдік стандартқа сай бірыңғай қасапханалар Қазақстанның әр өңірінде бой көтермек. Құрылыс аяқталған соң аталмыш нысан дүниежүзіне ортақ талаптарға сәйкес жағдайда мал сойып, ет өндіруге мүмкіндік бермек.
Иран тарапы Қазақстаннан мал сатып алуға, союға, етті өңдеп өз еліне экспорттауға дайын екенін бірнеше мәрте нақтылады. Алайда ынтымақтастық тек біржақты экспортпен, біржақты импортпен шектелмейді. Ирандық кәсіпкерлер өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция құюға, бірлескен кәсіпорындар ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді бірге дамытуға мүдделі екенін алға тартты. Өйткені, Шығыс Қазақстан - суы мол, жасыл желекке толы, орман-тауы мен сайын даласы мал бағуға аса қолайлы өңір.
Кездесу қорытындысында қос тарап агробизнес саласында бірлескен жобаларды әрі қарай нақтылауға уағдаласты. Осы бағытта жұмыс топтары құрылып, инвестициялық ұсыныстар мен техникалық талаптарды сәйкестендіру бойынша қосымша жұмыстар атқарылмақ.