ШҚУ делегациясы Сібе көлдерінде: туризм мен таным тоғысқан сапар
Өскемен / Әлемдік жаңалықтар
19-05-2025, 10:07

Ұлан ауданының сұлу табиғаты тағы бір мәрте білім мен ғылым тоғысқан алаңға айналды. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің делегациясы Сібе көлдеріне арнайы келіп, туристік маусымның ашылуына қатысты.
Университет атынан келген делегация құрамында IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Салтанат Адиканова, Биология кафедрасының сениор-лекторы Бағдат Карменова, «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Майра Тарлаубай, Экология және география кафедрасының оқытушысы Дидар Сейітжан, сондай-ақ Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының меңгерушісі Руслан Конуспаев пен оқытушы Ақбота Жәнібекова болды.
Сапардың негізгі мақсаты — тек табиғат аясында демалу емес, сонымен қатар студенттердің танымдық көкжиегін кеңейту еді. Сібе көлдерінің маңы — жыл сайынғы далалық практика өтетін ерекше аймақ. Биология кафедрасының тәжірибелі маманы Бағдат Карменова бұл өңірге студенттерді жылына екі рет – көктем мен жаз мезгілінде – дала практикасына әкеліп отырады. Ол табиғатты зерттеу ісін тек теориямен шектемей, студенттерді жергілікті өсімдіктер мен жануарлар дүниесін өз көздерімен танып-білуге жетелейді. Биылғы сапар барысында да ол оқушыларға Сібенің экожүйесін таныстырып, Қызыл кітапқа енген сирек өсімдіктер туралы қызықты мәліметтермен бөлісті.
Оқу бағдарламасы тек биологиямен шектелмей, өлкенің тарихи және географиялық ерекшеліктерін де қамтыды. Зерттеуші Майра Тарлаубай қатысушыларға туған жердің рухани мұрасын таныстырып, оның маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл тарихи сабақ қатысушылардың жерге деген құрметін нығайтып, мәдени санасын кеңейтті. Ал табиғаттану саласының маманы Дидар Сейітжан минералды тастардың құрылымы мен ерекшеліктері туралы қызықты мәліметтер келтіріп, табиғаттың құпияларын ашты. Оның көрнекі дәрістері географияға қызығатын студенттер үшін ерекше әсер қалдырды.
Танымдық дәрістерден бөлек, IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Салтанат Адиканова Ұлан ауданының оқушыларына арнайы уақыт бөліп, Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің білім беру бағдарламалары жайлы, ондағы беделді мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Оқушылар университеттегі оқу мүмкіндіктері туралы көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алып, болашақ мамандық таңдауда нақты бағдар алды. Бұл кездесу оқушылардың жоғары білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға септігін тигізді.
Іс-шара барысында өңірдің туристік әлеуеті де жан-жақты талқыланды. Туризм саласындағы мүмкіндіктер мен даму бағыттары университет пен жергілікті билік өкілдерінің бірлескен жобалары аясында жүзеге асырылатыны атап өтілді. Бұл туристік маусымды дамытуға және өңірдің танымалдылығын арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
Осылайша, Сібе жағасында өткен күн – ғылым мен табиғаттың үйлесімі, білім мен туризмнің біріккен шеберханасы ретінде есте қалды. Бұл сапар жас ұрпаққа шабыт беріп, олардың қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.