Бизнес және білім: Amanzholov University-де өткен облыстық жұмыс берушілер форумы
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-де білім беру сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және мансапты жоспарлау идеяларын интеграциялауға бағытталған ауқымды «Human Capital-2025» жұмыс берушілер форумы өтті. Форум Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» туралы Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-де білім беру сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және мансапты жоспарлау идеяларын интеграциялауға бағытталған ауқымды «Human Capital-2025» жұмыс берушілер форумы өтті. Форум Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» туралы Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды.
– Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы қоғамымызда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтары әрқашан бірінші орында тұруы керектігін атап өтті. Өз ісіне адал, нағыз мамандардың арқасында ұлт сапасының жаңа деңгейі қалыптасады, – деді Amanzholov University директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан Рахимжанов.
Іс-шараға ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Адылхан, ШҚО Кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Лазат Кездiкбаева, өңірдегі қала және аудандық білім бөлімдерінің басшылары қатысты.
– Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен және білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жыл сайын мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарының рейтингін өткізеді, онда Amanzholov University үнемі жетекші орындарды иеленіп келеді. Соңғы бес жыл ішінде түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткішінің 98% болуы – бұл университет жұмысының жоғары деңгейін көрсетеді, – деді Әсет Адылхан.
– «Білікті маман» жобасы аясында 2017 жылдан бері облыстық бюджет есебінен 2856 білім гранты бөлінсе, соның 1040-ы С.Аманжолов атындағы ШҚУ үлесінде. Яғни, грант иегерлерінің жартысынан астамы осы оқу орнын таңдаған. Бұл университет басшылығының кәсіби деңгейін және кәсіби бағдар беру саласындағы тиімді жұмысының дәлелі, – деп атап өтті Ләззат Кездiкбаева.
Форум аясында білім беру мекемелері басшыларына арналған «Білім берудегі инновацияларды басқару: идеядан нәтижеге дейін» атты тренинг пен «Білікті жұмысшы – бәсекеге қабілетті маман» шеберлік сабағы өтті.
Спикерлер қатарында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының директоры Жанар Буканова, «УМЗ» АҚ кадрлармен жұмыс істеу тобының жетекшісі Мадина Мұхамеджанова, «Феликс Астана» ЖШС бас директоры Баян Тойкебаева, ШҚУ стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова және т.б. болды.
Форум қатысушылары білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының өзекті талаптарына бейімдеу бойынша ұсыныстар мен пікірлерімен бөлісті. Олардың пікірінше, білім беру сапасын қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту және мансапты жоспарлау идеяларын интеграциялау тек жүйелі тәсіл арқылы іске асуы мүмкін. Білім беру жүйесі тек білім беруге бейімделмей, болашақта сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Осы мақсатта Amanzholov University-дн тәжірибеге бағытталған орта қалыптастырылған. 17 мамандықта дуальды оқыту элементтері енгізілген. Білім беру ұйымдарында студенттердің кәсіби тәжірибеден өтуіне арналған 25 кафедра филиалы жұмыс істейді.
Форум соңында Amanzholov University-дің көпжылдық серіктестері «Үздік жұмыс беруші-2025» номинациясы бойынша салтанатты түрде марапатталды. Жеңімпаздар қатарында ҚР Ұлттық ядролық орталығы, ШҚО полиция департаменті, «VK LAB SERVISE» ЖШС, «Ақ Ниет» мектеп-интернаты, Балалар музыка мектебі және Оралхан Бөкей атындағы №44 лицей бар.
– Жұмыс берушінің рөлі бизнестен әлдеқайда ауқымды. Сіздер жұмыс орындарын ашып, таланттарды дамытып, мәдениет қалыптастырасыздар. Сондықтан бүгінгі стратегиялық шешімдеріңіз ертеңгі еңбек нарығына тікелей әсер етеді, – деп қорытындылады сөзін Amanzholov University директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан Рахимжанов.