Жұмысшы мамандықтарына қолдау: жаңа меморандумға қол қойылды
Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік әріптестік пен еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті. Жиында билік пен кәсіподақ өкілдері еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді талқылап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік әріптестік пен еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті. Жиында билік пен кәсіподақ өкілдері еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді талқылап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Отырыста аудан, қала әкімдері, аумақтық басқарма мен мемлекеттік құрылым басшылары бас қосты. Күн тәртібіне екі негізгі мәселе енгізілді: өңір кәсіпорындарындағы жалақы қарыздарын өтеу және әлеуметтік әріптестікті дамыту перспективалары. Алғашқы мәселе бойынша облыстық еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов баяндама жасап, жалақы бойынша қарызы бар аймақтарды атап өтіп, еңбек тәуекелдері картасы шеңберінде қолға алынған шараларды таныстырды.
Әлеуметтік диалогты дамыту бағытында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Темірбек Қасымжанов пікір білдірді. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан ұжымдық шарттар саны бойынша республикада көш бастап тұр. Сонымен қатар, жұмысшылардың өндірісті басқаруға қатысу тәжірибесі де кеңейіп келеді.
Отырыс барысында кәсіподақтар федерациясы мен облыс әкімдігі арасында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында меморандумға қол қойылды. Құжат жұмысшы кәсіптерін насихаттау, кәсіптік-техникалық білім беделін арттыру мен еңбек қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс берушілер, мемлекет және еңбек ұжымдары арасындағы сындарлы диалогтың маңызын атап өтті. Ол ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановты ең жоғары ведомстволық марапат – «Үздік әлеуметтік әріптес» медалімен марапаттады.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов әлеуметтік әріптестікті еңбек және жұмыспен қамту саласындағы тұрақты дамудың негізі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, бұл мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етіп, еңбек дауларын өркениетті жолмен шешуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Шығыс Қазақстан ұжымдық шарттардың саны мен әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуы бойынша елдегі көшбасшы өңірлердің біріне айналды. Облыс билігінің жұмысшы мамандықтарын қолдау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіподақ ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау бағытындағы жүйелі жұмысы жоғары бағаланды.
Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, тұрақты диалог пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде нақты өзгерістерге – жалақының көтерілуі мен еңбек жағдайының жақсаруына қол жеткізілген. Бұл тұрғыдан Шығыс Қазақстан облысы нәтижелі әлеуметтік әріптестіктің озық үлгісі бола алады.