Қазақстан құрамасы хоккейден халықаралық турнирде жеңіске жетті

Өскемен / Спорт 17-06-2025, 17:36

Қазақ елі тағы да спорттық биікті бағындырды. Қазақстан құрамасы Ислам елдерінің III халықаралық хоккей турнирінде Кубогының иегері атанды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Турнир маусым айының алғашқы жартысында Татарстан астанасы Қазан қаласында өтті. Жарыс Ислам елдері хоккейін дамыту ұйымының  қолдауымен ұйымдастырылған. Биылғы жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ливан, Бахрейн, Иран және Оман елдерінен 8 әуесқой ерлер командасы қатысты.

Хоккейшілер 3х3 форматында бақ сынасты. Бұл ойын классикалық хоккейден кішірек мұз алаңында (34х18 м) өткізіледі және жылдам қарқынмен ерекшеленеді. Әр матч үш кезеңнен тұрды, әр кезең – 7 минут.

Қазақстан құрамасы А тобында өнер көрсетті. Бұл топта Қырғызстан, Ливан және Өзбекстан командалары болды. Ел намысын негізінен Өскеменнен шыққан бұрынғы кәсіби хоккейшілер қорғады. Команда сапында спорт шеберлері мен тәжірибелі жаттықтырушылардың тәрбиеленушілері бар.

– 2023 жылы – күміс, 2024 жылы – тағы да күміс, енді міне, 2025 жылы – жеңіс. Үш жыл бойғы еңбектің жемісі бұл. Барша ойыншыларды шын жүректен құттықтаймын, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеңімпаздарды құттықтау сәтінде.

Команда капитаны, турнирдің үздік ойыншысы атанған Алексей Зубов ойыннан кейін өз әсерімен бөлісті:

– Қарсыластар мықты болды, көбі – бұрынғы кәсіпқойлар. Бірақ біз ел намысын қорғап шықтық, жеңіске жетуге жігеріміз жетті. Барлық қолдау білдіргендерге алғыс айтамыз. Әкіммен кездесіп, ұсыныстарымызды айтуға мүмкіндік болғанына ризамыз.

Төрт күнге созылған турнир Қазан қаласындағы «Татнефть Арена» мұз сарайында өтті. Барлығы 28 матч ойналды. В тобында Бахрейн, Иран, Оман және Ресей атынан Татарстан әуесқой құрамасы өнер көрсетті. Ислам елдерінің халықаралық хоккей турнирі жыл сайынғы турнирге айналып келеді. Ұйымдастырушылар келесі жарысты басқа елде өткізуді жоспарлап отыр. Қатысушылар мен қонақтар келесі турнирдің Өскеменде өту мүмкіндігін қолдап отыр. Аймақ басшысы бұл ұсынысты қарастыруға уәде берді.

– Егер жоспарымыз жүзеге асса, 2027 жылы Өскеменде үлкен мұз сарайын саламыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов. – Сол кезде 3х3 форматына лайықты жеке алаң жасауды ойластырамыз.

Айта кетейік, ШҚО құрамасын қолдауда ірі кәсіпорындардың да үлесі бар. Соның ішінде «Казцинк» компаниясы бірнеше жылдан бері командаға қолдау көрсетіп келеді.

– Қазір техникалық мәліметтерді реттеп жатырмыз. Ойыншыларға арнайы сыйлықтар мен марапаттар дайындалады, – деді «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.

Қазақстан құрамасының бұл жеңісі елдегі әуесқой хоккейдің даму деңгейін көрсетіп қана қоймай, Шығыс Қазақстанда хоккей спортына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Руслан Акматалиев

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар