Үлкен Нарын ауданында туризмді дамытуға жағдай жасалуда
Шығыс Қазақстан
20-06-2025, 18:33

Шығыс Қазақстан облысындағы Үлкен Нарын ауданында туризм ауыл шаруашылығымен қатар дамудың басым бағыттарының біріне айналуда. Табиғи ресурстардың бірегейлігі, қолайлы экологиялық жағдай және инфрақұрылымдық өзгерістер аудан аумағында сауықтыру, экологиялық және отбасылық туризмді дамытуға кең мүмкіндік ашып отыр. Бұл туралы Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баяндады.
Негізгі қозғаушы күштердің бірі ретінде Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежай жобасы аталды. Бұл нысан көлік қатынасын жеңілдетіп, бүкіл өңірдің туристік тартымдылығын арттыра түседі. Жоба жүзеге асқан жағдайда ішкі туризмнің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда ауданда туристерді қабылдайтын алты нысан жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында «Приморск» демалыс базасы, қонақүйлер, «Абзал» пантолечебницасы, «Арайлы Шығыс» және «Сұңқар» балалар лагерьлері бар. 2025 жылы бұл тізім жаңа нысандармен толығады. Атап айтқанда, еліміздің жетекші кәсіпкерлерінің бірі Свинчатка ауылында заманауи демалыс базасын салуға ниет білдіріп отыр.
Ауданда жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстары да қарқынды жүруде. «ҚазАвтоЖол» АҚ-пен бірлесіп заманауи қызмет көрсету кешені ашылды. Бұл автокеруеншілер үшін жағдайды жақсартып, шағын бизнесті дамытуға сеп болады.
2025 жылы туризм саласына қатысты келесі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады:
• Приморск ауылындағы жағажай аумағын абаттандыру;
• Ауданға кіреберіс топтарды абаттандыру;
• Туристік ақпараттық орталық маңын көркейту.
Үлкен Нарын ауданында туризмді дамыту – бұл жаңа экономикалық бағыт қана емес, сонымен қатар халықтың өмір сапасын арттырудың нақты мүмкіндігі. Кешенді тәсілдің арқасында аудан туристер мен инвесторлар үшін тартымды нүктеге айналып келеді.