Жазғы демалыс: аймақтағы балалар лагерьлерінің қатары толықты

Өскемен 3-06-2025, 18:16

Қала сыртындағы балалар лагерьлерінің қатары биыл Үлкен Нарын ауданындағы «Приморск» лагерінің ашылуымен толықты. Осы өңірдегі «Приморск» демалыс базасы биылдан бастап балалар лагері ретінде қайта жабдықталып, жұмысын бастады. Жеке меншік бұл лагерь алғашқы балалар легін мамыр айының соңынан бастап қабылдады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Өскемен қаласы мен Тарбағатай, Зайсан, Глубокое аудандарынан келген балалар Бұқтырма жағалауындағы демалыс лагерінде болып, арайлы таңды қарсы алып, көк тоғайлы тауларға шығып, асыр салып ойнап, тынығып қайтты.

26 мамырдан бастап облыс аумағында 92, ал 2 маусымнан бастап 178 жазғы лагерь жұмысын бастады. Жалпы, жазғы демалыс кезінде қала сыртындағы 11 лагерьде 9587 оқушы демалады деп жоспарлануда. Оның 7-еуі – мемлекеттік:

  • Глубокое ауданындағы «Дарын»
  • Алтай ауданындағы «Жігер»
  • Ұлан ауданындағы «Царская долина», «Төменгі Тайынты», «Болашақ»
  • Самар ауданындағы «Балауса»
  • Күршім ауданындағы «Балдәурен»

Ал 4-еуі – жекеменшік:

  • Үлкен Нарын ауданындағы «Приморск»
  • «Арайлы Шығыс»
  • Риддер қаласындағы «Синегорье» (Казцинк ЖШС)
  • Глубокое ауданындағы «Алау» (Казцинк ЖШС)
– Қала сыртындағы лагерьлердің жағдайы жақсы, орналасқан жерлері де балалардың тынығуына өте қолайлы. Бұған дейін облыста 14 лагерь жұмыс істеген еді. Тарбағатай ауданындағы «Сеңгір» лагері жабылғаннан кейін, ол өңірдің балалары былтыр «Дарын» лагерінде демалды. Глубокое ауданындағы «Толағай» лагері өткен көктемгі су тасқыны кезінде су астында қалып, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, жұмыс істемейді. Зайсан мен Үлкен Нарын аудандарында да бұрын жекеменшік лагерьлер болған, бірақ былтырдан бері балалар қабылдамай отыр, – дейді «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығы директорының қосымша білім беру жөніндегі орынбасары Күнжан Оразаева.

Сонымен қатар, қалалар мен ауылдық жерлерде 23120 баланы қамтитын 270 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп жатыр.

Бұдан бөлек, қосымша білім беру ұйымдары мен аула клубтарында 60857 оқушыны қамтитын (тамақтандырусыз) 204 бейінді алаң ашылған.

Қаланың шаң мен у-шуы, балалардың гаджетке телміріп отыруы – көп ата-ананы қала сыртындағы лагерьлерге үмітпен қарауға мәжбүрлейді. Дегенмен, оқушылардың тек 10%-ы ғана осындай лагерьлерге бара алады. Неліктен? Себеп әртүрлі. Бірі: «ауырып қалады ма деп уайымдаймыз», «қауіпсіздігіне алаңдаймыз», «аллергиясы бар» десе, енді бірі лагерьлердің алыс орналасқанын, кейбірі бағасының қымбаттығын алға тартады. «Егер тегін болса, жіберер едік» дейтіндер де көп.
Айта кету керек, тегін жолдамалар жыл сайын тек әлеуметтік осал санаттағы - аз қамтылған, көп балалы отбасылардың және дарынды балаларға ғана беріледі. Бірақ, ақылы негізде де демалуға мүмкіндік бар.

Алайда, бұл бағалар көп отбасы үшін қолжетімді емес. Мәселен:

  • «Дарын» лагерінде он күн – 132 мың теңге
  • «Синегорье» лагерінде – 140 мың теңге
  • «Алау» лагерінде – 120 мың теңге
– Таулы Үлбі бойындағы «Алау» лагерінде демалу – 120 мың теңге тұрады екен. Бірақ тамыз айына ғана бос орын қалыпты. Бұл – қауіпсіздігі жоғары, барлық жағдайы жасалған лагерь. Біз үш баламызға да жолдама алып бере аламыз. Бірақ бірнеше баласы бар басқа ата-аналарға бұл қиын. Олар ол ақшаны балаға емес, күнделікті тамақ не мектепке қажетті киімге жұмсауға мәжбүр. Сөйтіп, көп бала үш ай бойы үйде немесе аулада жүреді. Телефонға телміріп отырады. Ал мұндай тынықпаған, демалмаған бала сабаққа да ынтасыз болады. Бұл – болашақта ескерілуі тиіс мәселе деп ойлаймын, – дейді өскемендік тұрғын Гүлзина Ибыраева.


Фото: Altainews.kz

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар