Бала демалысы - басты назарда

Жазғы демалыс басталысымен ата-аналар балаларын қайда, қалай демалдыруды ойлайды. Әсіресе, қала балалары үшін таза ауада уақыт өткізу – жыл бойы күтетін мүмкіндік. Сондықтан жазғы сауықтыру лагерьлерінің жағдайы әрдайым маңызды. Бұл ретте Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов «Жігер» балалар лагері маусымға қаншалықты дайын екенін барып көріп қайтты. Шаһар басшысының бұл қадамы – қаладағы жазғы демалысты ұйымдастыру ісінің тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде бақылауда екенін аңғартады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірдегі көпшілікке таныс, сүйікті демалыс орындарының бірі – Өскемен іргесіндегі «Жігер» лагері биыл да жазғы маусымды дайындықпен қарсы алуда. Лагерь директорының айтуынша, 9 маусымда басталатын алғашқы ауысымнан бастап жаз бойы мұнда 7 мен 15 жас аралығындағы 1440 бала тынығады деп күтілуде. Әр ауысым 7 күнге созылмақ.
Бағдарлама балалардың жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлініп, арнайы модульдік жүйемен әзірленген: 7–9 жас, 10–12 жас, 13–15 жас аралығы.
Жалпы, лагерьде 8 тақырыптық ауысым қарастырылған. Олардың әрқайсысы балалардың шығармашылық қабілетін, спорттық белсенділігін, туристік дағдыларын, зияткерлік деңгейін және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған.
Қала басшысы лагерь аумағын толық аралап шығып, жатын корпустардың, санитарлық бөлмелердің және ойын-сауық алаңдарының жай-күйімен танысты. Әр корпус душпен, жуынатын және киім үтіктейтін бөлмелермен жабдықталған. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын бөлмелері, шағын кітапхана, арнайы кинотеатр, музыка аймағы мен Wi-Fi-мен жабдықталған демалыс залы бар.
Аулада ойын алаңдары мен спорттық кешендер орналасқан. Асханада балаларға күніне бес мезгіл теңгерімді және құнарлы тамақ беріледі. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда – бүкіл лагерь аумағына бейнебақылау камералары орнатылған.
Ал лагерь басшылығы өз кезегінде лагерь редиммен жұмыс жасайтынын, мұнда барлығының жоспар мен кесте аясында атқарылуы бала денсаулығына да тікелей әсер ететінін алға тартты.
Айта кету керек, жазғы демалыс тек қала сыртындағы лагерлермен шектелмейді. Биыл облыста қосымша білім беру жүйесі 4 пен 17 жас аралығындағы 45 600 бала мен жасөспірімді қамтымақ. Мамандар айтуынша, бұл – түрлі үйірмелер, спорттық секциялар, шығармашылық шеберханалар мен жазғы мектептер арқылы іске асады.
Аль-Сана Азамат
Фото: Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінен