Өскеменде 1 маусымнан бастап жазғы лагерьлер өз жұмысын бастайды

2025 жылдың жазғы маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл балалардың демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастырумен қатар, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
1 маусымнан бастап қаладағы 49 мектептің 46-сында мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайды. Бұл лагерьлерде 2578 оқушыны қамту жоспарланған. Балалар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Барлық лагерь бағдарламалары 25 мамырға дейін әзірленіп, мектеп директорларының бұйрығымен бекітіледі.
Жазғы маусымның басты нысандарының бірі – дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын қала сыртындағы «Жігер» лагерi болмақ. Биыл «Жаз. Ұлы жаңалықтар әлемі» бағдарламасы аясында бұл лагерьде 1440 бала мен жасөспірім демалады деп жоспарланып отыр. Бағдарлама сегіз тақырыптық ауысымнан тұрады және шығармашылық, спорт, туризм, зияткерлік даму мен көшбасшылық қасиеттерді дамыту бағыттарын қамтиды.
Қалалық «Жаз-2025» бағдарламасы аясында жазғы тәрбие жұмыстарына арналған іс-шаралар желілік кесте бойынша жүргізілмек. Мектептердегі үйірмелер мен секциялардың жазғы жұмыс тәртібі әзірленуде. Алдын ала болжам бойынша, 1–10 сынып аралығындағы оқушылардың кемінде 65 пайызы жазда тегін үйірмелерге қатысады. Барлық оқушылар «Каникул» жобасы аясында тәрбиелік бағыттағы іс-шаралармен толық қамтылатын болады.
Сонымен қатар, өңірдегі қосымша білім беру ұйымдары да жазғы демалыс науқанына белсенді қатысып отыр. 4 пен 17 жас аралығындағы 45 600 бала мен жасөспірім түрлі үйірмелер мен секцияларға тартылады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен 2024 жылмен салыстырғанда 1550 балаға, ал 2023 жылмен салыстырғанда 2550 балаға артық.
Дамир Омаров
Фото: Өскемен қаласы әкімдігі