ШҚО: Жазғы демалысқа - жүйелі жауапкершілікпен

Жаңалықтар 24-04-2025, 15:25 0

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов әкімдік отырысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне айрықша назар аударып, нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы бұл кезеңде балалардың қауіпсіздігіне барынша басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов әкімдік отырысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне айрықша назар аударып, нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы бұл кезеңде балалардың қауіпсіздігіне барынша басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Балалардың демалыс маусымында олардың өмірі мен денсаулығы үшін толықтай қауіпсіз жағдай жасалуға тиіс. Әсіресе су айдындарының маңында орналасқан лагерьлерде қауіпсіздік талаптарының сақталуы – басты назарда. Полиция департаментіне лагерлерде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, балаларды тасымалдау барысындағы қауіпсіздікті бақылауды, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын ұйымдастыруды тапсырамын, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, Нұрымбет Сақтағанов облыстық білім басқармасы мен қала, аудан әкімдеріне жергілікті бюджет есебінен балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, оларды пайдалы істерге жұмылдыруды толық қамтамасыз етуді міндеттеді. Әсіресе, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың 100 пайыз қамтылуы басты талап ретінде қойылды.

Әкім облыс орталығы арқылы өтетін Ертіс өзенінде оқушылар үшін жолаушылар теплоходымен арнайы серуен ұйымдастыруды да тапсырған еді. Бұл бағыттағы жұмыс барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышёва баяндады.

– Қазір бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бұқтырма су қоймасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған 140 балаға арналған теплоходпен бір күндік саяхат ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, жазғы саяхаттар бағдарламасын дайындаудамыз. Сәуір айының соңына дейін есеп жасап, бюджетке өтінім жолдаймыз, – деді басқарма басшысы.

Оған қоса, биыл өңірде алғаш рет оқушыларды Шығыс Қазақстанның мәдени-тарихи мұраларымен таныстыруға, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған «Киелі Шығыс» жобасын іске асыру көзделіп отыр. Жобаға 2000 оқушы іріктеледі, оның ішінен 200 бала жеңімпаз ретінде оқу-танымдық экскурсияларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

– Жоба аясында балалар «Берел қорғандарының» ашық аспан астындағы мұражайына, жартастағы таңбалы тастарға, Қиын-Керіш шатқалына, өңірдегі түрлі мұражайларға, ұлттық табиғи парктер мен қорықтарға барады. Экскурсиялар аясында туризм негіздері бойынша шеберлік сабақтары, практикалық жаттығулар, сондай-ақ туған өлкенің мәдениеті мен мұрасын зерттеуге бағытталған іс-шаралар өтеді, – деді Инесса Чернышёва.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін 19,8 млн теңге көлемінде қаржы қажет. Қазіргі уақытта тиісті бюджеттік өтінім беріліп, бастама қолдау табады деп күтілуде.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

ШҚО жаңалықтары

Өскеменде 1 маусымнан бастап жазғы лагерьлер өз жұмысын бастайды
Шығыс Қазақстанда сел қаупі жоғары кезең басталды
Өскемендік 1440 бала «Жігер» жазғы лагерінде демалады
Шығыстағы мектеп оқушылары енді өндіріс орындарында тәжірибеден өте алады