Саябаққа қатысты шенеунік шешімі: «Қалтаға емес, халыққа жұмыс істейтін кез келді»

Өскемен 28-05-2025, 17:50

Жаз келді. Қаладағылар да, ауылдан облыс орталығына ағылушылар да бала-шаға демалысын каникул мезгілінде ұйымдастыруға жанын салатын кезең. Өскемендегі саусақпен санарлық саябақтар төресі «Металлург паркі» – бала атаулыға қуаныш сыйлайтын орындардың бірі екені сөзсіз. Қаланың қақ ортасындағы осы аумақ жаз келсе – жұрттың жанға сая, балаға шаттық іздеп барар бағыттарының бірі екені рас. Бірақ соңғы жылдары саябақ жайлы пікірлер демалу құнына байланысты шиеленісіп жүргені белгілі еді. Бұл мәселеге Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов өзгеріс әкелді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Көп жылдар бойы аталмыш парктегі аттракциондар бағасы қарыштап өсіп, құн қалта көтермеске келген.

Аттракциондардың кейбіріне бір отыруға 3000 теңгедей, кейбіріне бір айналымға жоқ дегенде 1500 теңге төлеу – орташа табысты отбасы үшін үлкен салмақ. Мұны бір үйдің бірнеше баласының санына көбейте есептей беріңіз… Бір сәттік шаттық пен бір күндік демалыс үшін бір айлық еңбекақыдан қағылу – әсіресе көпбалалы, әлеуметтік осал отбасылар үшін шын сынақ. Ал қарапайым ата-ана болса, баласының үмітке толы көзіне қарап тұрып, «жоқ» деуге, ал табысы жақсы дегендердің өзі бір айналыммен шектелуге мәжбүр болатын.

Жылдар бойы «жеке кәсіп» деген желеумен әкімдік бұл мәселеге араласуға асықпаған еді. Бірақ биыл жағдайға көзқарас жаңғырды: қала басшысы Алмат Ақышов саябаққа назар аударып, тазалықтан бастап баға саясатына дейінгі түйткілдерді талқыға салды. Оның «бұл – мемлекеттің жері» деген нақты ескертпесі – көпшілік үшін күтпеген, бірақ әділетті қадам болды. Себебі жеке кәсіп иелері – халықпен жұмыс істейтін, ортақ кеңістікте пайда көріп отырған азаматтар. Демек, олардың да, бизнес субъекті ретінде әлеуметтік жауапкершілігі болуы тиіс.

Тапсырма-талап айтылды, арада күн өтпей жауап та келді. Саябақтағы жалға алушылар жиналып, бағаны қайта қарады. Кей аттракциондарда билеттер 200-500 теңгеге дейін арзандаса, қымбат дегендері 1000 теңгеге дейін түсті. Иә, толықтай тегін бола қойған жоқ, бірақ бұрынғыдай қалта қағар құн емес. Кейбір кәсіпкерлер бағаны өзгеріссіз қалдырды. Бірақ тұтас алғанда - бұл бастама қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікке деген алғашқы қадам ретінде бағаланбақ.

Алматыдағы қалың бұқараға белгілі «Мир Fantasy» саябағындағы секілді бірыңғай билет жүйесін енгізу туралы ұсыныс та айтылды. Оның мәні - бір реттік билет құнын төлеп, барлық аттракционда күн бойы демалу мүмкіндігін алу. Алайда ол саябақ бір қолға қараған жекеменшік бизнес болса, Өскемендегі «Металлург паркінде» 15 жалға алушы бір саябақ аумағын бөлісіп отыр. Бұл – үйлестіру мен бірыңғай жүйе енгізу тұрғысынан қиындық тудыратынын кәсіпкерлер тілге тиек етті. Бірақ соған қарамастан мұндай ұсыныстың ортаға тасталуы – болашақтағы оң өзгерістердің нышаны.

Айта кетсек, Еуропаның көптеген елдерінде, әсіресе Скандинавия мен Германияда қалалық саябақтардағы аттракциондар қоғамдық игілік ретінде қарастырылады. Көптеген муниципалитеттерде балаларға арналған алаңдар мен кей аттракциондар тегін немесе символикалық ақыға қолжетімді. Себебі олар «баланың әл-ауқаты – қоғамның әл-ауқаты» деген ұстанымды ұстанады. Демек, саябақ – кәсіп үшін емес, қоғамдық маңыз үшін қызмет етуі тиіс деген көзқарас қалыптасқан.

Бұл жолғы жағымды жаңалық бойынша тұрғындар да үнсіз қалмады. Әлеуметтік желілерде жарияланған жаңалық астындағы пікірлер легі – халықтың ішкі жанайқайы мен шынайы алғысын қатар көрсетіп берді. Бірі әділдік орнағанын айтса, бірі биліктің сөзбен емес, іспен әрекет еткеніне риза, ал енді бірі бағаның әлі де арзандауына сұраныс барын алға тартты. Бұл – әкімге емес, жүйелі шешімге деген қолдау.

Өскеменде «халықтық саябақ» құру – әлі толық аяқталған іс емес. Бірақ алғашқы қадамы нақты, бағыты айқын. Енді бұл тұрғыда жалға алушылар мен жергілікті билік бірігіп жұмыс істесе, саябақ шын мәнінде баршаға ортақ, бағасы қолжетімді, таза әрі қауіпсіз кеңістікке айналары анық.

Фото: @parkmetallurg_ukg

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар