ШҚО: Үйірлі шегіртке шеруіне тосқауыл қою шаралары қолға алынуда

Аймақта шегіртке қаптау қаупі жоқ. Дегенмен ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғап, өнімнің жойылып кетуіне жол бермеу мақсатында Шығыс Қазақстан облысында шегірткеге қарсы алдын алу шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыста егістік алқаптарды шегіртке зиянкестерінен қорғау үшін химиялық өңдеу көлемі 40,485 мың гектарды құрайды. Оның ішінде үйірлі шегірткелерге – 13,9 мың гектар, саяқ шегірткелерге – 26,585 мың гектар қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аса қауіпті зиянкестер мен карантиндік объектілерге қарсы күрес шараларын ұйымдастыру және үйлестіру үшін облыс әкімінің бұйрығымен жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде.
Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары республикалық бюджет есебінен, ал саяқ шегірткеге қарсы шаралар жергілікті бюджет қаражатынан жүргізіледі.
Биыл италиялық прус шегірткесіне қарсы 8,161 мың гектар аумақта өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда:
- Зайсан ауданында – 3,0 мың га,
- Күршім ауданында – 2,0 мың га,
- Марқакөл ауданында – 1,161 мың га,
- Самар ауданында – 1,0 мың га,
- Тарбағатай ауданында – 1,0 мың га.
Азиялық шегірткеге қарсы 5,739 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары Күршім ауданында атқарылады.
Ал саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу шаралары Алтай, Зайсан, Үлкен Нарын, Ұлан, Күршім, Тарбағатай және Марқакөл аудандарында жүргізілетін болады.
Шегірткеге қарсы күресті уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін барлық аудан қажетті анықтаушылармен, техникалармен және пестицидтермен толық қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта Тарбағатай ауданында өңдеу жұмыстары басталып кетті.
Фото: istockphoto.com