ШҚО-да бруцеллездің үш жағдайы тіркелді, індеттің алдын алу шаралары күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысында бруцеллез жұқтырған үш адам тіркелді. Ал көршілес өңірде індет ошағы анықталып, карантин енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қауіпті дерттің таралуына жол бермеу, тұрғындар мен үй жануарларын қорғау жолдары жайлы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары түсініктеме берді.
АШЫҚ СТАТИСТИКА
Соңғы жылдары Қазақстанда ірі қара мал арасында бруцеллездің таралуы едәуір төмендеді. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 0,08%-дан аспайды. 2023 жылмен салыстырғанда, республика аумағындағы бруцеллезге қолайсыз пункттердің саны 30%-ға азайған.
Алайда, Шығыс Қазақстан облысы инфекция жұқтыру дерегі бойынша республика көлемінде әлі де көш басында.
Өткен жылы облыста бруцеллездің 40 жағдайы тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 29-ды құраған. Ауру Глубокое, Зайсан, Күршім, Марқакөл, Үлкен Нарын, Тарбағатай, Ұлан аудандарында және Өскемен қаласында анықталған. Сондай-ақ, Үлкен Нарын ауданына қарасты Көкбастау ауылында індет ошағы тіркелген.
Ауруға шалдығу қаупі, әсіресе, ауыл тұрғындары арасында жоғары.
2025 жылдың бірінші тоқсанында өңірде бруцеллездің үш жағдайы тіркелді: екеуі – Үлкен Нарын ауданында, біреуі – Марқакөл ауданында. Мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, науқастардың барлығы бруцеллезге оң нәтиже берген малмен байланыста болғанын анықтады.
БРУЦЕЛЛЕЗ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕК?
Бруцеллез – Brucella бактериялары арқылы таралатын жұқпалы дерт. Инфекция адамға негізінен малдан жұғады. Ауру лимфа жүйесіне, тірек-қимыл аппараты мен жүйке жүйесіне әсер етеді. Жіті және созылмалы түрде өтуі мүмкін, ал емделмеген жағдайда асқыну немесе мүгедектікке әкелуі ықтимал.
Аурудың инкубациялық кезеңі – 5 күннен 1-2 айға дейін. Орташа есеппен екі аптада алғашқы белгілері байқала бастайды.
Бруцеллез көбіне қалтырау, дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, буын мен бұлшықет ауыруы, жалпы әлсіздікпен басталады. Кейде ауру біртіндеп дамып, адамның бірнеше ай бойы дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлайды.
Дерт асқынған жағдайда жүрек, өкпе, бауыр, жүйке жүйесі, жыныс мүшелері мен көру органдарына кері әсер етеді. Лимфа түйіндері мен көкбауыр да зақымданады.
Бруцеллезден өлім-жітім жиі тіркелмейді, алайда ауру уақытында емделмесе, адамның мүгедек болып қалуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан оны ерте анықтап, дер кезінде емдеу өте маңызды.
Аурудың кеш анықталуы бірқатар ауыр асқынуларға – буын қабынуы, бұлшықет атрофиясы, ми қабынуы, бүйрек жеткіліксіздігі, өкпе қабынуы, бауыр іріңдеуі, бедеулік пен жүйке жүйесінің зақымдалуына алып келуі мүмкін.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ МЕН АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР
Шығыс Қазақстан – мал шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан, бруцеллездің таралу қаупі де жоғары. Осыған байланысты өңірде алдын алу шаралары күшейтіліп, жоспарлы жұмыстар қолға алынуда.
2025 жылы эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыста 2 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Оның 251 миллионы – жергілікті бюджет есебінен бөлінді.
Қазіргі уақытта барлық ветеринариялық пункттер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, ауылдық жерлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мал иелеріне санитариялық ережелерді сақтау және өнімдерді тек өңделген түрде пайдалану қажеттігі ескертілуде.
Тимофей Кочетков