Сот: Риддер тұрғыны шартты жазаны сақтамағаны үшін түрмеге қамалды

Риддер қаласында бұрын бостандығы шектелген азамат енді түрмеге отырғызылатын болды. Қалалық сот оның жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзғанын ескеріп, шартты жазаны нақты бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Енді ол 6 ай 8 күнін түрмеде өткізеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сот деректеріне сүйенсек, бұл азамат бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген. Алайда осы уақыт ішінде тәртіпті сақтамаған: пробация бөліміне бірнеше рет бармаған, мәжбүрлі еңбекке қатыспаған, алимент қарызын төлемеген және түнгі уақытта тыныштықты бұзып, әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Сонымен қатар, ол ресми түрде еш жерде жұмыс істемеген.
Сот отырысында азамат бұл ережелерді бұзғанын мойындады. Ол жұмыс істеп жүргенін, бірақ бейресми түрде екенін, ал тіркеуге баруға «уақыты болмағанын» айтып ақталды.
Алайда прокурор мен пробация қызметі оның әрекеттерін жазадан жалтару деп бағалап, шектеу жазасын түрме жазасына ауыстыруды сұрады. Сот олардың уәжін негізді деп тауып, жазаны нақты бас бостандығынан айырумен ауыстырды.
Шешім заңды күшіне енді.
Дереккөз: Шығыс Қазақстан облыстық соты
Фото: depositphotos.com