Мектеп оқушыларына арналған жаңа цифрлық кәсіптік бағдар құралы енгізілуде

Қазақстан мектептерінде оқушылар болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы үшін жаңа цифрлық құрал енгізіліп жатыр. Бұл жүйе 7-9 сынып оқушыларына арналған және олардың қызығушылығы мен қабілетін анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңашыл бастама Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның бірлескен жобасы. Олар бірлесе отырып, «Оқушының қызығушылықтары мен дағдыларының икемді бейіні» деп аталатын әдістемені әзірлеген. Бұл цифрлық әдіс оқушылардың болашақ кәсібін ертерек, саналы түрде таңдауға бағытталған.
Аталған құрал еліміздегі 10 мыңнан астам оқушы қатысқан сынақтан сәтті өткен және Қазақстан жағдайына бейімделген. Енді ол «Мансап компасы» атты цифрлық платформаға енгізіліп отыр. Бұл платформада университеттердің 400-ден астам білім беру бағдарламасы, колледждердің 200-ге жуық мамандығы, сондай-ақ жұмысшы кәсіптері туралы мәліметтер жинақталған.
Платформаның көмегімен оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар жеке кабинеттер арқылы қажетті ақпаратқа оңай қол жеткізе алады. Тест нәтижесі автоматты түрде өңделіп, әр қолданушы өзіне қажет мәліметті алады:
оқушылар – болашақ мамандыққа қатысты жеке ұсыныстар мен кеңестер алады;
мұғалімдер – оқушыларға бағыт-бағдар беретін құралдарды пайдалана алады;
ата-аналар – баласының қызығушылығы мен даму бағыты туралы талдаулармен таныса алады.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігі