Министрлік жазғы демалыста жастарды жұмыспен қамтудың жолдарын ұсынды

Қазақстанда жазғы демалыс кезеңінде оқушылар мен студенттерге арналған жұмыс орындары мен білім беру мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 14 пен 18 жас аралығындағы азаматтардың жұмыс істеуіне рұқсат етілген. Бүгінде бұл жас тобына жататын 1 миллион 488,6 мың оқушы бар. Оның ішінде 26,5 мыңы – мүмкіндігі шектеулі балалар. Ең көп оқушы Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында тіркелген.
Министрліктің ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда мектеп жасындағы 24,3 мың бала жұмыспен қамтылған. Олар, негізінен, сауда, қоғамдық тамақтану және түрлі қызмет көрсету салаларында еңбек етуде.
Жазғы демалыс кезеңінде жастарды жұмыспен қамту мақсатында бірқатар шаралар ұсынылып отыр. Электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын таңдау, қоғамдық жұмыстарға қатысу, онлайн оқыту және кәсіби бағдар беру бағытында жұмыстар жүргізіледі.
Министр enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» атты арнайы бөлім іске қосылғанын атап өтті. Бұл бөлім білім алушыларға жеке кабинет ашуға, түйіндеме жариялауға және жұмыс іздеуге мүмкіндік береді. 14 жастан бастап оқушылар платформада өз бетінше тіркеле алады. Ал 16 жасқа дейінгі балалар үшін жүйеде заңды өкілдері тіркеу жүргізеді.
Бұл платформа жастардың алғашқы кәсіби тәжірибе алуына, еңбек нарығында цифрлық құралдарды пайдалануды үйренуіне және қауіпсіз жұмыс іздеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Skills.Enbek онлайн оқыту платформасы арқылы оқушылар түрлі саладағы білім беру курстарына қол жеткізе алады. Қазіргі таңда платформада 1 200-ден астам курс қолжетімді, оның 322-сі тегін. 137 курс мемлекеттік тілде ұсынылған.
Министрліктің мәліметінше, бұл бастамалар балалар мен жасөспірімдердің еңбек дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына ықпал етеді.