АЛТАЙ АЙМАҒЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ДИАЛОГТЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІНДЕ

Алтай таулы аймағы – адамзат өркениетінің қалыптасу тарихында айрықша орны бар, Еуразия кеңістігіндегі көне мәдениеттер мен халықтардың тоғысқан мекені.
 
Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы» атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушыларына арнаған құттықтауында Алтайды көне замандардан бері барша түркінің алтын бесігі ретінде атап өтіп, бұл аймақты әлемдік ғылым деңгейінде терең әрі жан-жақты зерделеудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы Алтай төңірегіндегі ғылыми-гуманитарлық диалогты кеңейту, трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту және түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын жүйелі түрде зерттеу қажеттігін баса айтты.
 
Осы стратегиялық көзқарастың заңды жалғасы ретінде 2026 жылғы 14–16 қаңтар күндері Моңғолия мемлекеттік білім беру университетінің Баян-Өлгей аймағындағы филиалының бастамасы және ұйымдастыруымен «Алтай таулы аймағының тұрақты дамуы: тарих, тіл, мәдениет, білім, экология және экономикалық мәселелер» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.
 
Атаулы конференцияға АҚШ, Ресей, Жапония, Түркия, Германия, Бельгия, Венгрия, Қырғызстан және өзге де мемлекеттерді қоса алғанда, 11 елден 88 ғалым офлайн және онлайн форматта қатысып, мазмұнды ғылыми баяндамалар жасады. Бұл форум Алтай кеңістігін кешенді түрде зерттеуге арналған халықаралық ғылыми пікір алмасудың маңызды алаңына айналды.
 
Қазақстаннан барған делегация құрамында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері – «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Майра Тарлаубай және «Тарих» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты Назым Аманжолова болды. Сондай-ақ онлайн форматта Ажар Ислямова, Никита Александров, Анар Мухамедкаримовалар қатысып, Алтай аймағының тарихи-мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуына, экологиялық жағдайына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
 
Жалпы конференция жұмысына ғылыми дәрежелері мен атақтары бойынша 4 академик, 6 ғылым докторы, 29 профессор, 38 доцент, 19 докторант және 21 жас зерттеуші қатысып, баяндамалар ұсынды. Бұл көрсеткіш форумның халықаралық деңгейдегі ғылыми беделінің жоғары екенін айқын көрсетті.
 
Конференция тақырыбына сәйкес тарих, тіл, мәдениет, білім, экология және экономика салаларындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, пікір алмасу нәтижесінде арнайы ҚАРАР (ұсынымдар) қабылданды. Қабылданған ұсынымдар орталық мемлекеттік органдарға, БҰҰ мен халықаралық ұйымдарға, жергілікті басқару құрылымдарына, ғылыми-зерттеу мекемелері мен университеттерге, шетелдік серіктес ұйымдарға, жеке сектор мен азаматтық қоғам институттарына, сондай-ақ донорлық ұйымдарға жолданды.
 
Ұсынымдар Үлкен Алтай таулы аймағының тілдік және мәдени мұрасын сақтау, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану, экологиялық тепе-теңдікті қорғау, туризм мен аймақтық экономиканы дамыту және шекарааралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды.
 
Сонымен қатар конференция барысында «Алтай таулы аймағының тұрақты дамуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференцияны төрт мемлекет арасында үш жыл сайын кезекпен өткізу туралы ортақ келісімге қол жеткізілді. Келесі ұйымдастырушы ретінде эстафетаны Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне ұсынды. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту идеяларымен толық үндеседі.
 
Конференция аясында қатысушылар үшін мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, Өлгей қаласындағы музейлер мен тарихи-мәдени нысандарға арнайы экскурсиялар өткізілді. Бұл шаралар ғылыми байланыстармен қатар, мәдени өзара түсіністікті тереңдетуге ықпал етті.
 
Маңызды нәтижелердің бірі ретінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Моңғолия мемлекеттік білім беру университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім тараптардың білім беру, ғылыми зерттеу және академиялық алмасу салаларындағы әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter