Конституцияның 5-бабы: Қазақстандағы құқықтық жүйенің негізгі қағидаттары айқындалды
Қазақстан Республикасының Конституциясының 5-бабында елдегі қолданыстағы құқықтың негіздері, заңдардың үстемдігі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды нормалар белгіленген.
Аталған бапқа сәйкес, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына Конституция, оған сәйкес қабылданған заңдар, Конституциялық Сот пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары, өзге де нормативтік құқықтық актілер және халықаралық шарттық міндеттемелер кіреді.
Конституция еліміздің ең жоғары заңды күші бар негізгі заңы болып табылады және Қазақстанның бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Бұл – барлық мемлекеттік органдар мен азаматтардың Конституция талаптарын сақтауға міндетті екенін білдіреді.
Сонымен қатар, заңнамада халықаралық шарттарды қолдану тәртібі қарастырылған. Барлық заңдар мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттар міндетті түрде жариялануы тиіс. Әсіресе, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы олардың күшіне енуі мен қолданылуының маңызды шарты болып саналады.
5-бапта азаматтардың құқықтық жағдайын қорғауға бағытталған маңызды кепілдіктер де бекітілген. Атап айтқанда, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Сондай-ақ жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдар бұрын жасалған әрекеттерге қолданылмайды. Ал жаңа заң бұрынғы құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жойса немесе жеңілдетсе, ол қолданылады.
Бұдан бөлек, еліміздің жекелеген өңірлерінің экономикасын жедел дамыту мақсатында қаржы саласына немесе «қарқынды дамитын қала» бағытында арнаулы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай режимдер мемлекеттік басқару мен сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін қамтуы мүмкін.
Осылайша, Конституцияның 5-бабы Қазақстандағы құқықтық тәртіптің негізін қалыптастырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және өңірлердің экономикалық дамуына құқықтық жағдай жасауға бағытталған.
