Шығыстағы мектеп оқушылары енді өндіріс орындарында тәжірибеден өте алады

Шығыс Қазақстанда оқушыларға ертерек мамандық таңдауына көмектесу үшін арнайы бағдарлама іске қосылды. Бұл «Болашақ мамандары» деп аталады. Бағдарлама үш жылға жоспарланған және биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мақсат — балаларға болашақта сұранысқа ие мамандықтарды түсіндіріп, қай салаға бейімі барын анықтауға көмектесу. Бұл жолы бағдарлама нақты жоспармен, түрлі мекемелердің бірлесіп жұмыс істеуімен және жасанды интеллект технологияларын қолданумен ерекшеленіп отыр.
Білім басқармасы жасаған жол картасы кен өндіру мен металлургиядан бастап, экотуризм мен табиғатты қорғау салаларына дейінгі көптеген бағыттарды қамтиды. Бағдарлама ШҚО-ның ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған: мұнда ірі өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы және энергетика салалары жақсы дамыған. Бағдарлама 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған. Ол төрт түрлі кезеңмен жүзеге асады:
Бастауыш сыныпта балалар мамандықтармен ойын арқылы танысады.
Орта сынып оқушылары зауыттар мен мекемелерге экскурсияға барады.
Жоғары сынып оқушылары үшін арнайы кәсіби сынақ сабақтары, жазғы еңбек лагерьлері, практикалық жұмыстар мен тәлімгерлермен кездесулер ұйымдастырылады.
e.Data.kz компаниясымен бірге оқушылардың қызығушылығы мен қабілетін анықтайтын жүйе енгізілуде. Мұнда жасанды интеллект қолданылады.
Қазір «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленіп жатыр. Бұл – мектептерге де, кәсіпорындарға да болашақ кадрларды даярлауға көмектесетін құрал. Атласқа ғалымдар мен өндіріс мамандары қатысуда.
Әр оқушымен жеке жұмыс жүргізіледі: мұғалімдер мен кураторлар мамандық таңдауға көмектесіп, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы мүмкіндіктер жайлы ақпарат береді.
Жоба нақты нәтижелер беріп жатыр: аймақтағы бірқатар кәсіпорындармен келісімдер жасалды. Енді оқушылар сол жерлерде тәжірибеден өтіп, болашақта жұмысқа тұра алады.
Жақында өтетін IT-фестивальде еңбек нарығына жасалған талдау мен ең сұранысқа ие мамандықтардың таныстырылымы болады. Мұғалімдер, мектеп директорлары, жұмыс берушілер және HR мамандары қатысады деп күтілуде.
Бағдарламаның алғашқы кезеңі тамыз айында өтетін мұғалімдердің жиынында қорытындыланады. Сол жерде келесі оқу жылына арналған жоспарлар нақтыланады.
«Болашақ мамандары» — бұл ұзақ мерзімді жоба. Ол Шығыс Қазақстанда сапалы кадр даярлаудың маңызды бөлігіне айналып отыр. Аймақ техникалық және өндірістік мамандарға мұқтаж болғандықтан, балаларға мектептен бастап дұрыс бағыт беру көзделген.
Дамир Омаров