Осы жазда 3923 оқушы қала сыртында тегін демалады – ШҚО

Шығыс Қазақстан 21-06-2025, 14:43

Биылғы жазғы демалыс маусымында Шығыс Қазақстан облысында 4 403 бала жергілікті бюджет есебінен түрлі форматтағы лагерьлерге қамтылмақ. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мен денсаулығын нығайту мақсатында өңірде 12 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейді. Оларда 3 923 бала тегін демалады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Балаларға тең мүмкіндік беру бағытында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры үлкен қолдау білдірді. Қордың көмегімен ауыл мектептерінен 185 оқушы республикалық «Дарын» лагеріне тегін жолдама алып отыр. Бұл – әлеуметтік әділеттілік пен сапалы демалысқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етудегі маңызды бастама.

Сонымен қатар мектеп жанындағы 270 күндізгі лагерь ата-аналар арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл лагерьлерде балалар тамақпен немесе тамақсыз әртүрлі бағдарламалар бойынша демалып, бос уақытын пайдалы өткізеді. Мұндай таңдау – отбасылар үшін өте ыңғайлы шешім.
Барлық лагерь бағдарламалары балалардың жас ерекшеліктері, қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Бағдарлама мазмұнында шығармашылық студиялар мен үйірмелер, тұлғалық даму, бастамашылдық, коммуникация мен көшбасшылық дағдыларын дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар қамтылған.

Бұған қоса, өңірде «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасып жатыр. Аталған жоба аясында 140 бала қазақтілді ортада өмір сүріп, қазақ тілін тұрмыстық жағдайда меңгеру мүмкіндігіне ие болады. Жоба балаларды тек тілге ғана емес, ұлттық мәдениетке, дәстүр мен тарихқа жақындастырады. Олар халық аспаптарында ойнауды үйреніп, өңірдің киелі жерлеріне экскурсия жасайды.

Биыл алғаш рет іске қосылатын жаңа бастама – «Киелі Шығыс» жобасы. Бұл жоба балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған. Аталған бастама аясында 200 оқушы өңірдің тарихи, табиғи орындарына – Берел қорғандарына, Қиын-Керіш шатқалына, ұлттық табиғи парктерге саяхат жасайды. Осылайша, Шығыс Қазақстанның бай мұрасына терең бойлайтын танымдық сапарларға қатысады.

Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Барлық демалыс орындарында санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы қатаң бақылауға алынған.

Жалпы, 2025 жылғы жазғы демалыс науқанының негізгі мақсаты – балаларды сауықтырумен қатар, олардың білімін толықтыру, демалысты әсерлі ұйымдастыру және жеке қабілеттерін ашуға мүмкіндік жасау. 

Фото: Жәнібек Ырысбай

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар