Қазақстан бидайы Вьетнамға экспортталды

Қазақстан жаңалықтары 19-06-2025, 18:40

Қазақстанда өсірілген жоғары сапалы бидай Вьетнамға экспорттала бастады. Астық тиелген алғашқы контейнерлік пойыз Қытайдың Ляньюньган портына келіп жетті. Бұл – Вьетнамға жөнелтілетін сегіз пойыздың біріншісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Теміржол арқылы жеткізілген жүк 62 контейнерге тиелген, жалпы салмағы — 1,7 мың тонна. Енді бұл контейнерлер теңіз кемесіне ауыстырылып, Вьетнамның Хайфон қаласына жөнелтіледі.

Жеткізу бірнеше көлік түрін біріктіретін – мультимодальды бағытпен жүзеге асуда. Яғни, бидай алдымен теміржолмен жеткізіліп, кейін теңіз арқылы жолын жалғастырады. Осы жолда ешқандай қайта тиеу жасалмайды — жүк бір контейнерде бастапқы нүктеден соңғы мекенжайға дейін барады. Бұл тәсіл уақытты да, шығынды да азайтады.

Қазақстандық бидайды Қытай жағы «жасыл дәліз» арқылы өткізіп, барлық рәсімдерді жылдам жүргізді. Соның арқасында портта қайта тиеу жұмыстары бар болғаны бір сағатта аяқталған. Қытайлық БАҚ бұл жөнінде арнайы сюжеттер де көрсетті.

Алғашқы бидай партиясы Ақмола облысында дайындалған. Жалпы, Вьетнамға шамамен 15 мың тонна астық жөнелтіледі деп жоспарланып отыр.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» басшысы Асылхан Жүнішевтің айтуынша, жаңа логистикалық бағыттар қазақстандық диқандарға шетел нарығына еркін шығуға мүмкіндік беріп отыр.

– Қытаймен бірлесіп құрылған логистикалық инфрақұрылым өз нәтижесін беріп жатыр. Бұл – еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын нақты қадам, – деді ол.

Жыл басталғалы бері компания 196 мың тоннадан астам астықты экспортқа шығарған. Астықтың ең ірі партиялары Солтүстік Африка, Иран және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жөнелтілген.

Фото: ҚР АШМ

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар