Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты: Си Цзиньпин Астанаға келді

Президент / Қазақстан жаңалықтары 17-06-2025, 17:44

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен Астанаға келді. Бұл сапар «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында өтіп жатыр. Елордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы жоғары деңгейде келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Айта кетейік, бұл кездесу Қытай көшбасшысының туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен өзара құрметтің белгісіне айналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайды Қазақстанның жақын көршісі әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті.

– Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы Сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұқият үңілсек, елдеріміздің арасында ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болды. Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ,– деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды. 

– Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз, – деді Қазақстан Президенті. 

Өз кезегінде Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді

– Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін, – деді ҚХР Төрағасы.

Кездесудің қорытындысында екі ел арасында 24 түрлі келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар энергетика, ғарыш, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, туризм, медицина, зияткерлік меншік құқығын қорғау, кеден және ғылым салаларын қамтиды.

Сондай-ақ екіжақты инвестицияны қорғау және техникалық әріптестік туралы келісімдер жасалды.

Айрықша мән берілген тақырыптардың бірі – атом энергетикасы. Қазақстан алдағы уақытта 2-3 атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Президент  бұл жобада Қытайдың CNNC компаниясын сенімді серіктес ретінде қарайтынын атап өтті.

Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та назардан тыс қалмады. Қытайдың мәдени орталықтары, Лу Бань шеберханалары, қытайлық университеттердің филиалдары мен бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтары ашылмақ.

Еске салайық, 2023 жылы Президент Тоқаевтың бастамасымен Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы техникалық университетте «Лу Бань шеберханасы» ашылған болатын. Бұл орталық — Қазақстан мен Қытай арасындағы білім мен технология саласындағы ынтымақтастықтың нақты көрінісі.

Жалпы алғанда, Қытай басшысының бұл сапары – екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңге шыққанын айғақтайды. Бұл байланыс саяси диалогқа, экономикалық әріптестікке және өзара құрметке негізделіп отыр.

Айтпақшы, 2025 жыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы болып жарияланды. Бұл да елдер арасындағы мәдени және халықтық байланыстарды нығайтудың бір жолы болмақ.

Андрей Дудник

Фото: Ақорда


Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар