ШҚО-да халықты ауыз сумен және жылумен қамту жұмыстары күшейтілуде

Шығыс Қазақстан 16-07-2025, 17:16
Шығыс Қазақстан облысында 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында су және жылумен қамтуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы ШҚО Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек Өңірлік коммуникациялар алаңында хабарлады.
 
2024 жылы облыста су тарту бойынша 12 жоба аяқталып, нәтижесінде 213 шақырымнан астам су құбыры желілері салынды және қайта жаңғыртылды. Соның арқасында қосымша 3,4 мың адам таза ауыз суға қол жеткізді, ал су жүйелерінің тозу деңгейі 49,1%-ға дейін төмендеді. Облыста сапалы ауыз суға қолжетімділік деңгейі 99,4%-ды құрайды, бұл – еліміз бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 98,4%-ға жетті.
 
2025 жылы жалпы құны 45,2 млрд теңге болатын 27 жобаның іске асырылуы жалғасуда, соның ішінде 14,4 млрд теңге бөлінді. Жобалар қалаларда да, ауылдарда да су құбырларын салу мен жаңғыртуды қамтиды. Жыл қорытындысы бойынша 762,9 км жаңа және жаңартылған желілерді іске қосу жоспарланып отыр, бұл тозу деңгейін 47,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
 
Өскемен қаласына ерекше назар аударылуда – мұнда су тарту және су бұру жүйелерін автоматтандыру жобасы әзірленуде. Жобаның құны – 4 874,6 млн теңге, сараптамадан өтіп, келісу кезеңінде тұр.
 
Жылумен қамту мәселесіне келсек, өңірде 3 ЖЭО, 33 орталықтандырылған және 191 автономды қазандық жұмыс істейді. Қазіргі таңда жылу желілерінің тозу деңгейі 55,6%-ды құрайды. Қыс маусымына дайындық аясында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде – 199 км электр желілері, 22 қосалқы станция және 19 трансформаторлық қосалқы станция жаңғыртылды.
 
Өскемен қаласындағы екі ЖЭО-да 8,1 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Белгіленген кестеге сәйкес, 4 қазандық пен 4 турбинада жөндеу аяқталды. Риддер қаласындағы қысқы дайындық ерекше бақылауда. Соңғы 2 жылдағы жөндеу науқандарының арқасында ЖЭО «қызыл аймақтан» шығарылды. Алтай, Глубокое, Күршім және Ұлан аудандарында да қазандықтар мен желілерді жаңғырту белсенді түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, Күршім ауданында 3 км жылу желісін ауыстыру жобасы іске асырылуда, оның аяқталуы тамыз айына жоспарланған.
 
Шығыс Қазақстан облысының алдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 3 087 мың тоннадан асады. Қазір көмір жеткізу жоспарлы түрде жүргізілуде – шілде айының ортасына қарай 37,3 мың тоннадан астам көмір жөнелтілді, оның ішінде 26,8 мың тоннасы – халыққа.
 
Жергілікті тұрғындарға отын сатып алуды соңғы сәтке қалдырмай, оны дәл қазірден бастап жинауға кеңес беріледі. Бұл – суық мезгілде дүрлігуді болдырмауға көмектеседі.
Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар