ШҚО республикалық жолдарында қауіпсіздік пен жайлылықты арттыру жұмыстары жалғасуда

Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңыздағы автожолдарда қозғалыс қауіпсіздігін күшейтіп, жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған кешенді жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Жабайы жануарлардың жолға шығуының алдын алу мақсатында 23 шақырымға арнайы торлы қоршаулар орнатылуда. Сонымен қатар, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 9,1 шақырымға стационарлық қар тосқыштар салынуда. Жол техникасын тиімді сақтау үшін төрт жылы ангардың құрылысы қолға алынған.
Бұған қоса, бірқатар жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, үш трансформаторлық қосалқы станция орнатылып, 14 210 метр электр желілері жаңартылды. Осы желілер бойындағы көше жарығының шамдары мен тіректері де ауыстырылған. Сондай-ақ құм мен мұзға қарсы материалдарға арналған жеті суық ангар салынып, пайдалануға берілді. Жол пайдалану пункттерінің жұмысын жақсарту үшін үш модульдік ғимарат орнатылған.
Аталған шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, арнайы техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және өңірдегі жол қызметтерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.