Еліміздің оқушылары халықаралық химия олимпиадасында төрт медаль жеңіп алды

Қазақстан жаңалықтары 14-07-2025, 12:05

Халықаралық пәндік олимпиадалар маусымы басталды. Қазақстандық мектеп оқушылары 2025 жылғы Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO) тамаша нәтиже көрсетті. Олар екі алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Биылғы олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Білім сайысына 93 елден 360-тан астам оқушы қатысты. Қазақстан командасы өз білімдері мен дайындығын жоғары деңгейде дәлелдеп, әлемнің үздік жас химиктері атағын тағы да растады.

— Бұл жеңіс болашақ жетістіктерге берік негіз болып, жаңа мүмкіндіктердің жолын ашады деп сенемін. Жас ізденушілерге алға қойған мақсаттарынан таймай, білім мен ел өркендеуі жолында биік белестерге жете беруді тілеймін, — деп жазды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзінің ресми парақшасында.

Олимпиада алдында оқушылар халықаралық оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, биылғы жылы түрлі еуропалық және халықаралық олимпиадаларда да үздік нәтиже көрсеткен.

Айта кетейік, IChO — әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл додаларда жеңіске жеткендерге ақшалай сыйақы қарастырылған:
🔹 Алтын медаль үшін – 1 500 АЕК
🔹 Күміс медаль – 1 000 АЕК
🔹 Қола медаль – 500 АЕК
Сондай-ақ жеңімпаз оқушыларды дайындаған ұстаздар да ынталандырылады.

2024 жылы да қазақстандықтар IChO олимпиадасында екі алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленген еді.

Министр Ғани Бейсембаев бұл жетістік отандық білім беру жүйесінің әлемдік деңгейде мойындалғанының тағы бір дәлелі екенін атап өтті.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар