2024 – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы: нәтижесі қандай?

Былтыр Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланып, бұл бастама еліміздің туристік саласын шетелде кеңінен насихаттауға жол ашты. Соның арқасында Қытайдан келетін туристер саны күрт өсті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, өткен жылы Қытайдан келген туристер саны 2023 жылмен салыстырғанда 78 пайызға артқан – яғни, 367 мың адамнан 655 мың адамға дейін көбейген. Туристер Қазақстанда түрлі қызметтерге жұмсаған қаражат көлемі 300 миллион АҚШ долларынан асыпты.
eQonaq ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген талдауға қарағанда, қытайлықтар көбіне Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қатар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу және Ақтөбе облыстарына жиі сапарлаған. Шығыс өңірдің табиғаты мен ұлттық парктері, әсіресе, қонақтарды қатты қызықтырған.
Бұл шаралар Қазақстанның мәдениеті, ұлттық тағамдары, дәстүрі мен табиғатын кеңінен таныстыруға мүмкіндік берген. Сонымен қатар Қазақстан COTTM, ITB China, ITE Hong Kong сияқты халықаралық туристік көрмелерге қатысып, Қытайдың жетекші 50-ден астам туркомпаниясымен жаңа әріптестік орнатқан.
2025 жыл – Қазақстанда Қытай туризмі жылы ретінде жарияланды. Яғни, енді Қытай туристері елімізге жиі келетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып кеткен.
Қазақстан енді Welcome Chinese бағдарламасын іске қоспақ. Бұл жоба бойынша қонақүйлер мен туристік нысандар Қытайдан келетін туристердің талабына сай қызмет көрсетуді үйренеді.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай арасында шекаралық марафон, мәдени-гуманитарлық алмасу, туристік ЖОО арасындағы тәжірибе алмасу сияқты жаңаша жобалар қолға алынбақ.
Фото: Ақорда