Биыл елімізде жеңілдетілген лизинг арқылы кемінде 6 мың техника бірлігі сатып алынбақ

Қазақстан Республикасының Үкіметі ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мақсатында мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын жүзеге асырып келеді. Аталған шаралар Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы іске асырылады және олардың қатарында инвестициялық субсидиялар, несие мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ техникаға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған механизмдер ауыл шаруашылығы өндірушілеріне заманауи техниканы тиімді және қолжетімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді. Ең маңызды құралдардың бірі — инвестициялық субсидиялау бағдарламасы. Оның аясында сатып алынған техниканың құнының 15 пайыздан 30 пайызға дейінгі бөлігі өтеледі (техниканың басымдық деңгейіне байланысты). Сонымен қатар, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған: басым техника түрлері бойынша 6 пайызға дейін, қалған техника бойынша 15 пайызға дейін. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында шаруалар жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен техника ала алады.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың тұқым сепкіш және 141 мың топырақ өңдейтін құрал тіркелген. 2024 жылы техника паркін жаңарту деңгейі 5,5 пайызды құрады. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (4,5 пайыз) айтарлықтай жоғары. 2025 жылға белгіленген мақсат — жаңарту көрсеткішін 6,5 пайызға дейін жеткізу. Жалпы алғанда, техникалық жабдықталуды заманауи деңгейде ұстап тұру үшін бұл көрсеткішті 8-10 пайыз деңгейіне дейін жеткізу қажет.
Министрліктің жоспарына сәйкес, 2028 жылға қарай техника паркін жаңарту деңгейі 9 пайызға жетуге тиіс. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдетілген лизинг бағдарламасына бөлінетін қаржыландыру көлемі 450 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ.
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін статистикалық мәліметтер де растайды. 2017 жылы 8,5 мың бірлік техника сатып алынған болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 22,1 мың бірлікке дейін жетіп, 2,5 есе өскен.
«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясындағы алға ілгерілеу ерекше байқалады. 2025 жылы осы бағдарламаға кемінде 250 млрд теңге бөлініп, шамамен 6 мың бірлік техника сатып алу жоспарланып отыр. 24 ақпаннан бастап өтінімдер қабылданып келеді. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамына түскен өтінімдер саны 3555-ке жетіп, олардың жалпы сомасы 129,2 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда 2400 шарт жасалып, 4580 бірлік техника жеткізу жоспарланған. Жалпы құны – 85,7 млрд теңге.
Ағымдағы егіс науқаны аясында 5,6 мың заманауи егіс кешені белсенді қолданылып отыр. Олар дәнді дақылдар егістігінің 70 пайызға жуық аумағын қамтуда. Бұл кешендер John Deere, CLASS, RSM сияқты жетекші халықаралық брендтердің техникасымен жабдықталған және дәл егіншіліктің заманауи жүйелерін (GPS, автопилот, тыңайтқыш пен гербицидті дәл мөлшерлеу т.б.) қамтиды.
Егіс жұмыстары барысында дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. 2025 жылы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 401 мың тонна дизель отыны бөлінген (2024 жылы — 376,4 мың тонна). Жалпы саны 17 мыңға жуық өтінім қабылданды. Бағаны реттеу шараларының арқасында дизель отынының соңғы бағасы литріне 254 теңгені құрап отыр. Бұл нарықтағы бағадан 15–20 пайызға төмен (АЗС-тердегі орташа баға — 301–307 теңге/литр).
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға бағытталған бұл шаралар өндірістің тиімділігін арттырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін технологиялық тұрғыда жаңғыртуға елеулі серпін бермек.
Фото: Үкімет