Қазақстанда Proton электромобилі шығарылуы мүмкін

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Proton Holdings компаниясының бас директоры Чунронг Ли елімізде электромобиль шығару жобасын талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Proton Holdings – Малайзиядағы ең ірі автокөлік өндірушілерінің бірі. Компания өз машиналарын 26 елге экспорттайды. Олар бензинмен жүретін көліктерді де, электромобильдерді де шығарады. Сонымен қатар, компанияның ғылыми-зерттеу, инженерлік жобалау орталықтары бар.
Кездесуде Қазақстанда Proton электромобильдерін құрастыратын жаңа өндіріс орнын ашу мүмкіндігі сөз болды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жаңа технологияларды енгізу, жұмыс орындарын ашу және машина жасау саласын дамыту жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Мысалы, биылдың өзінде бұл салаға 282 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Үкімет бұл жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Тек көлік құрастыру ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жобалар жасау бағытында да ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік бар екені айтылды.
Өз кезегінде Чунронг Ли Қазақстандағы инвестициялық ахуалға оң баға беріп, Proton компаниясының елімізге келуге қызығушылық білдіріп отырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлесе жұмыс істеуге келісті. Жоба аясында нақты қадамдар жасау үшін арнайы Жол картасы әзірленетін болды.