Жыл басынан бері ипотекалық бағдарламалар бойынша 11 мыңнан астам несие берілді

Биыл елімізде ипотекалық бағдарламалар аясында 11 мыңнан астам несие берілді. Бұл көрсеткіш халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру жолында жасалып жатқан нақты қадамдардың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Құрылыс саласында да үлкен өзгерістер жүруде. Қазіргі таңда елде цифрлық трансформация жүріп жатыр. Енді қала салу, құрылыс жүргізу және нысанды пайдалануға тапсыру сияқты барлық процесстер бір бірыңғай портал арқылы жүзеге асатын болады. Бұл жаңа жүйе «Тапсырыс берушінің бірыңғай терезесі» деп аталады. Ол электрондық үкімет платформасына біріктіріледі және құрылыс саласындағы қағазбастылықты азайтып, процесті ашық әрі жылдам етуге мүмкіндік береді.
Халықтың әлеуметтік осал тобына арналған «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы да өз нәтижесін беруде. Бұл бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлеме 7%-ды, ал басқа азаматтар үшін 9%-ды құрайды. Жыл басынан бері осы бағдарламамен жалпы сомасы 202 миллиард теңгеден астам қаржыға 7 700-ден астам қарыз берілген.
Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 2019 жылдан бері 7 мыңнан аса көпбалалы отбасы баспаналы болды. Биыл тағы 1 мың отбасы осы бағдарлама аясында пәтер алмақ.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпқабатты үйлерді жөндеу жұмыстары да жалғасуда. 2024 жылы елімізде 233 үй күрделі жөндеуден өтті, ал 2025 жылы тағы 400-ден астам үй жаңартылмақ.
Мемлекет моноқалалар мен ауылдарды да ұмыт қалдырмай, жеңілдетілген баспананы осы аймақтарға да бағыттап отыр. «Отау», «Асыл мекен» және «Наурыз» сияқты бағдарламалар аясында тек жаңа үйлер емес, екінші деңгейлі нарықтағы үйлер де қарастырылады. Бұл, әсіресе, тұрғын саны аз өңірлер үшін өте маңызды.
Сондай-ақ, елімізде алғаш рет қалаларды кешенді жобалауға арналған бірыңғай стандарттар дайындалды. Бұл құжаттар арқылы болашақта қалалар жоспарлы, ыңғайлы және экологиялық таза бағытта дамитын болады.
Қабылданып жатқан шаралар тұрғын үй нарығын тұрақты дамытып, жұмыс орындарын көбейтіп, елдің әрбір азаматына жайлы өмір сүру үшін мүмкіндік жасауды көздейді.