Эльвира Әзімова: Конституциялық Сот азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады
Шығыс Қазақстан
30-08-2025, 11:57

Қазақстан Республикасы Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Әзімова Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі.
Өз сөзінде ол Конституциялық Соттың басты міндетіне тоқталды.
«Қазақстандық Конституциялық Соттың негізгі қызметі – заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру. Мұндай өтінішпен Конституциялық Сотқа жүгінуге құқылы субъектілер қатарында бүгінде азаматтар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурор бар. Бұл мүмкіндік оларға 2022 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде берілді», – деді ол.
Эльвира Әзімованың айтуынша, 2023 жылғы қаңтардан 2025 жылғы тамызға дейінгі кезеңде Конституциялық Сотқа азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш түскен. Оларды қарау барысында 5 мыңнан астам құқықтық норма зерделеніп, 400-ден астам қаулы қабылданды. Оның ішінде 74 шешім – Конституцияға сәйкестігін тексерудің нәтижесінде шығарылған қорытынды қаулылар.
Төраға атап өткендей, мұндай көрсеткіштер Конституциялық Соттың азаматтардың құқықтарын қорғау мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі ерекше маңызын айқын көрсетеді.
