ШҚО-да жарты жылда салық түсімдері 206 млрд теңгені құрады
Шығыс Қазақстан
17-07-2025, 12:21

ШҚО бойынша 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бюджетке 206,0 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдердің түсуі қамтамасыз етілді. Оның ішінде жергілікті бюджетке 111,4 млрд теңге, республикалық бюджетке 94,6 млрд теңге түсті. Сонымен қатар, нөлдік мөлшерлеме бойынша ҚҚС 186,2 млрд теңге көлемінде қайтарылды. Бұл туралы ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш Өңірлік коммуникациялар алаңында мәлімдеді.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім көлемі 86,7 млрд теңгеге артты. Жергілікті бюджетке түсімдер 7,7 млрд теңгеге өсіп, ал республикалық бюджетке түсімдердің өсімі 79,0 млрд теңге болды.
Бюджет түсімдерінің негізгі бөлігін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, ірі кәсіпорындардан алынатын корпоративтік табыс салығы, сондай-ақ жеке тұлғалардың табысынан ұсталатын жеке табыс салығы құрады.
Салалық тұрғыда ең көп түсім өңдеу өнеркәсібінен түскен – 55,6 млрд теңге. Одан кейін көтерме және бөлшек сауда – 32,5 млрд теңге, тау-кен өнеркәсібі – 30,9 млрд теңге және құрылыс саласы – 17,7 млрд теңге.
Сонымен қатар, Департамент салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру бағытында да белсенді жұмыс жүргізуде. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде жүргізілетін мерзімді салықтық тексерулердің нәтижесінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ШҚО бойынша 987,5 мың теңгеге қосымша есептілік тапсырылып, бюджетке 859,7 млн теңге қосымша салық өндірілді.
Камералдық бақылау шеңберінде 10 175 хабарлама жолданып, 332,1 млрд теңге көлемінде бұзушылық анықталды. Оның ішінде 2 787 хабарлама орындалып, 7,5 млрд теңге салық бюджетке қайтарылды. 737 хабарлама бойынша салық төлеушілердің шоттарындағы шығыс операциялары тоқтатылды.
Айта кету керек, жыл соңына дейін салықтық әкімшілендірудің жаңа интеграцияланған жүйесі – СӘИЖ толық іске қосылады. Бұл жүйе бұрынғы 7 (ИНИС, ЦУЛС, Акциз, СОНО, КНП, Портал, ИШ) ақпараттық платформаның орнына келіп, салық төлеушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды, процестерді оңайлатуды және автоматтандыруды қамтамасыз етпек.