ШҚО әкімі Медициа қызметкерлері күнімен құттықтады

Шығыс Қазақстан / Өскемен 15-06-2025, 10:10

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді. Бұл туралы облыс әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

— Бүгінгі Медицина қызметкерлері күні мерекесіне орай, денсаулық сақтау ісіне өмірін арнаған баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, — деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Нұрымбет Аманұлы өңірде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, облыста диагностикалық және емдеу әдістері үздіксіз жетілдіріліп, заманауи құрал-жабдықтар жаңартылып жатыр. Қалалар мен ауылдық жерлерде жаңа ауруханалар мен емханалар салынып, қолжетімділік артуда.

Сонымен қатар өңір дәрігерлері мен орта буын медицина мамандары шетелдік жетекші клиникаларда тәжірибе жинап, озық әдістемелерді меңгеріп, күнделікті тәжірибеде сәтті қолданып келеді. Мемлекет тарапынан дәрігерлердің еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуға да басымдық беріліп отыр: ауылдық жерлерде баспана беру, көтермелеу, мансаптық өсу және жас мамандарды қолдау шаралары жүйелі іске асуда.

— Дегенмен, медицинаның ең басты құндылығы — адам. Дәрігерлер, фельдшерлер, медбикелер күн сайын адам өмірін сақтап, үміт сыйлап, денсаулықты нығайтады. Қиын сәтте сіздер халыққа сенімді тірек боласыздар. Кәсібиліктеріңіз, жігерлеріңіз және таңдаған іске адалдығыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Мықты денсаулық, отбасылық амандық, рухани жылылық тілеймін! Әрбір емделушіңіздің алғысына бөлене беріңіздер! — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда медицина саласын дамытудың кешенді шаралары биыл да жалғасын таппақ. Мамандарды қолдау және жаңа медициналық инфрақұрылымды дамыту — облыс басшылығының басты назарында.

Фото: depositphotos.com

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар