«Qaton-Qaragai trail 2025»: Берелде республикалық марафон өтті
Өскемен / Спорт
Сегодня, 10:44

Астана күні және Ұлттық домбыра күніне орай Катонқарағай ауданы әкімдігі мен "El Sport" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Берел ауылында республикалық "QATON-KARAGAI TRAIL 2025" марафоны өтті.
Катонқарағай ауданы әкімдігі мен “El Sport” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл ауқымды марафонға еліміздің түкпір-түкпірінен – Астана, Алматы, Павлодар, Семей, Өскемен, Атырау, Қарағанды, Құлсары, Самар, Күршім, Шүлбі мен Катонқарағайдан жүзден астам кәсіби және әуесқой спортшы қатысты. Жарысқа қатысушылар 3, 10, 20 және 30 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынап, табиғатпен үйлескен жарыс жолында ерік-жігер мен шынайы спорт рухын паш етті.
Катонқарағай аудандық әкімдігінің мәліметінше, бұл жарыс екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Бас демеуші – KAZ Minerals тобы болса, серіктес ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ спорт және туризм академиясы мен Pit Food бренді қолдау көрсетті.
Алтай баурайындағы көркем табиғат аясында өткен жарыс барлық қатысушыға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнара Мақұлбекқызының айтуынша, “Qaton Qaragai Trail 2025” тек спорттық дода ғана емес, ұлттық құндылықтар мен салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған маңызды шараға айналды.
Жеңімпаздар қатарында жерлестеріміз де бар. Марафон нәтижесі төмендегідей:
20 км (абсолюттік жеңімпаз): Сатылған Өркен – 1 сағат 30 минут 28 секунд;
10 км (ерлер): Әбішев Руслан – 42 минут 01 секунд;
10 км (әйелдер): Вязигина Надежда – 50 минут 52 секунд;
3 км (ерлер): Мұқанов Арнұр – 15 минут 15 секунд;
3 км (әйелдер): Жақан Жаннұр – үздік нәтиже иегері;
20 км (әйелдер): Вязигина Надежда – бірінші орын иеленді;
20 км (ерлер): Шпекбаев Нұржан – бас жүлде иегері.
Жеңімпаздарға ақшалай және естелік сыйлықтар табысталды.
Ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келген бұл марафон – халқымыздың салт-дәстүрі мен рухын дәріптейтін, ұрпақ сабақтастығы мен денсаулық мәдениетін біріктіретін айтулы шара ретінде ел есінде қалары сөзсіз.