ШҚО спортшысы комбат джиу-джитсудан әлем кубогында екі қола медаль жеңіп алды

Алматы қаласында өткен комбат джиу-джитсудан әлем кубогы мәресіне жетті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл халықаралық жарысқа 12 елден келген спортшылар қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Нигерия, Үндістан, Тунис, Корея, Маврикий, Бангладеш, Пәкістан және Гана елдерінің өкілдері бақ сынады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кубок аясында Қазақстан құрамасы жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылының намысын қорғаған Диана Иэйда әйелдер арасында 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (18-36 жас аралығы) сынға түсіп, екі қола медаль еншіледі.
Диананың жаттықтырушысы – Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер Қайрат Қытанов. Жас спортшының табандылығы, еңбекқорлығы және жеңіске деген жігері ел намысын лайықты қорғап, әлемдік додада жүлдегерлер қатарына қосылуға мүмкіндік берді.
Турнир ұйымдастырушылары жарыстың жоғары деңгейде өткенін және комбат джиу-джитсу спортына халықаралық деңгейде қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Көптеген спортшылар үшін бұл кубок спорт жолындағы маңызды белестердің бірі болды.