Елімізде 220 мыңнан астам адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы алды

Қазақстан жаңалықтары 14-07-2025, 12:08

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алған азаматтар саны 220,9 мың адамға жетті. Оның ішінде 161,9 мың адамға төлем осы жылы тағайындалған. Жалпы төлем көлемі 62,2 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыссыз қалған азаматтар бір айдан алты айға дейін әлеуметтік төлем алуға құқылы. Төлем мөлшері азаматтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы екі жылдағы табыс деңгейіне байланысты. Жәрдемақы көлемі жоғалған табыстың 45%-ына дейін жетуі мүмкін және ол қор қаражаты есебінен төленеді.

Жәрдемақы алу үшін келесі қадамдарды орындау қажет: eGov.kz порталында авторизациядан өту; «Жұмыспен қамту және еңбек» бөлімінде «Жұмыс іздеушілерді тіркеу» қызметін таңдау; онлайн өтінімді толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою; бір тәулік ішінде жұмыспен қамту орталығы (ЖҚО) тиісті бос орындарды ұсынады; егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа «жұмыссыз» мәртебесі беріледі. Қажет болған жағдайда ЖҚО маманы байланысқа шығады.

Қызметті enbek.kz порталы арқылы да алуға болады.

Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда, Министрліктің ақпараттық жүйесі оған проактивті форматта SMS-хабарлама жібереді. Өтінімді рәсімдеу үшін тек SMS-ке жауап беру жеткілікті. Бұл жағдайда төлем автоматты түрде тағайындалады.

Министрлік атап өткендей, МӘСҚ есебінен берілетін жұмыссыздық жәрдемақысы жұмыстан шығу себебіне қарамастан тағайындалады және адамның жаңа жұмыс табу кезеңіндегі уақытша қолдауға бағытталған.


Фото: gov.kz

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар