Облыс әкімінің сынынан кейін Катонқарағайдағы орталық стадион жаңғыртылуда

Шығыс Қазақстан 14-07-2025, 12:10

Өткен сенбіде Катонқарағай ауданындағы орталық стадионның күтімсіз әрі тозығы жеткен жай-күйі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың назарынан тыс қалмап еді. Өңір басшысы аудан халқымен кездесуі барысында бұл спорт нысанына барып, сын-ескертпесін қатаң айтқан болатын. Altainews.kz тілшісі айтылған сыннан нәтиже бар-жоқтығын бағамдап, катонқарағайлықтар ашылуын асыға күтіп жүрген спорт нысанындағы жұмыстар туралы жауаптыларды сөзге тартты.

Осыған дейін жарияланғандай аймақ басшысы ат басын бұрғанда аталмыш нысанның оқу жылы басталғанға дейін ашылуын қадап айтқан еді. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген стадионның инфрақұрылымы әбден ескіріп, алаңын арамшөп басып кеткендігі көзге түрпідей тиген. Орындықтардың басым бөлігі сынған. Мұндай көрініске қанағаттанбаған облыс әкімі аудан басшысына стадионды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастап, келесі келгенше толық аяқтауды тапсырды.

Әкімнің осы талап-тапсырмасынан кейін стадионды жаңғырту жұмыстары шұғыл қолға алынған. Бұл туралы Катонқарағай ауданының әкімі арнайы сұхбатында мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта стадионды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сынған орындықтарды ауыстырып, алаңды арамшөптерден тазартуды бастап кеттік. Қосымша инфрақұрылымды ретке келтіру жоспарда бар, – деді аудан әкімі.

Жергілікті тұрғындар үшін бұл стадион – тек спортпен шұғылданатын алаң ғана емес, мәдени және спорттық шаралар өтетін маңызды орын. Сондықтан нысанды жаңғырту – аудан тірлігіндегі өзекті әрі қажетті іс. Аltainews.kz редакциясы құрылыс барысын қалың бұқарамен бірге назарда ұстамақ.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото/видео: Катонқарағай ауданының әкімдігі

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар