Облыс әкімі: «Нақышты баяндамадан гөрі нақты жұмыс қажет»

Шығыс Қазақстан облысында туризм саласын дамытуға арналған кеңес өтті. Жиынға өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов төрағалық етіп, күн тәртібінде жазғы туристік маусымның өту барысы, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымы мен туристік бағыттардағы санитарлық-гигиеналық жағдайлар қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Туризм саласы — күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтеріліп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында кеңестер өткізілген болатын. Туристік әлеуеті жоғары Шығыс Қазақстанда бұл тақырыптың өзектілігі ерекше. Жалпы, облыстық Туризм басқармасының деректеріне сәйкес, келуші қонақтар саны тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Шығыс Қазақстанға 100 мың турист келген. Оның ішінде 95 мыңы — отандық саяхатшылар (өткен жылмен салыстырғанда өсім 27%), ал 5 мыңы — шетелдік қонақтар (өсім 50%). Облыста 371 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, демалыс базалары, пантотерапия орталықтары мен экологиялық бағыттағы қонақүйлер бар.
Туристік аймақтардағы инфрақұрылым мен қызмет сапасына байланысты тұрғындардан шағымдар да баршылық. Мәселен, Алтай ауданынан — 5, Ұлан ауданынан — 3, Өскемен қаласынан — 4 шағым тіркелген. Қонақтардың дені әжетханалар, интернет сапасы, ауызсуға қолжетімділік және қызмет құнының жоғарылығына қатысты назын білдірген.
Жиында Ұлан және Алтай аудандарының әкімдері осы мәселелер бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Осы орайда өңір басшысы Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаевқа күтпеген сұрақ қойды:
Биыл Шығыс Қазақстанда алғаш рет туристік нысандарға апаратын жолдар бойына санитарлық-гигиеналық тораптар орнату жұмыстары басталды. Жыл басынан бері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрт нысан орнатты. Жыл соңына дейін тағы тоғыз торап іске қосылады.
Облыс елді мекендерінің 97%-ы бүгінде мобильді интернетпен қамтылған. Бұл да туристер үшін қолайлы жағдай жасаудың маңызды бөлігі болып отыр.
Өңірге келушілер санын арттыру мақсатында түрлі имидждік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың қатарында «Шығыс салбұрыны» бүркітшілер фестивалі, «AltaiFest», қысқы «Бұқтырма балықшысы», «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» сынды танымал шаралар бар. Биыл алғаш рет халықаралық «Аңшылық туризм» фестивалі өтеді деп жоспарланып отыр. Ол 25-27 шілде күндері ұйымдастырылады.
Сонымен қатар биыл туристер көп шоғырланатын аймақтарда көшпелі кеңестер өткізу тәжірибесі қолға алынған. Мұндай жиындар Ұлан ауданындағы Шалқар (Сібе) көлінде және Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде өтті. Бұл — демалушылардың қажеттіліктері мен қауіпсіздік мәселелерін жедел шешуге бағытталған қадам.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар нақты тапсырма берді:
Өңір басшысы туристердің жеке қауіпсіздігі, қызмет көрсету сапасын, жергілікті жерлердегі тауар құнының асқақтап кетпеуін назарға алуды тапсырды. Сондай-ақ әкімдерге аптасына кемінде екі рет жағажайларға барып, демалушылардың жай-күйі мен сұраныстарымен танысып отыруды тапсырды.
Сонымен қатар әуежайлар мен вокзалдарды цифрландыру және облыстың туристік интернет-платформасына көшіру, барлық қоғамдық жағажайларды абаттандыру, киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық-гигиеналық тораптар мен күркелер орнату, полиция тарапынан қоғамдық демалыс орындарында тұрақты патрульдеуді қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Фото: Екатерина Семина