ШҚО-да өңдеуші өнеркәсіп тұрақты өсімді көрсетуде: өндіріс көлемі 1,4 трлн теңге болды

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. Оның 88%-ы өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі, мұнда 1,4 трлн теңгеге өнім өндірілді. Бұл туралы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досжан Болатбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Ресми деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өңірдің елдің жалпы өңірлік өнімі құрылымындағы үлесі 3,7% немесе 1,1 трлн теңгені құрады. Облыс экономикасында өнеркәсіптің үлесі 44% немесе 497 млрд теңге болды.
Сала көшбасшысы – металлургия. Бұл бағыт өңдеуші сектордың 70%-дан астамын қамтып отыр. Саладағы өндіріс көлемі 933 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артты. Өнімнің басым бөлігі экспортқа жөнелтіледі.
Өңірдегі қорғасын, мырыш, алтын және күміс өндіретін ірі кәсіпорын – «Казцинк» компаниясы. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстандық титан-магний комбинаты әлемдегі ең ірілердің бірі болып саналады. Оның өнімдері «Boeing» және «Airbus» сынды алпауыт авиакомпанияларға жеткізіледі. Бүгінде қазақстандық титанның әлемдік нарықтағы үлесі шамамен 16%.
Үлбі металлургиялық зауыты да стратегиялық маңызға ие: бұл кәсіпорын бериллий өндірісі бойынша әлемдегі алғашқы үштікте және ТМД аумағында тантал өнімін шығаратын жалғыз зауыт болып қала беруде. Сондай-ақ, уран отынын жылына 200 тонна көлемінде өндіретін бірегей өндірісі бар.
Химия өнеркәсібі де дамып келеді: 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өндіріс көлемі 195 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артты. Негізгі кәсіпорындар қатарында — «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Орика-Казахстан» АҚ және «Ульба-ТВС» ЖШС бар. Соңғысы өткен жылы жобалық қуаттылыққа шықты.
Машина жасау саласының үлесі өңдеуші өнеркәсіпте 3,8%-ды құрап, 52,6 млрд теңгеге өнім мен қызмет көрсетілді. Саладағы жетекші кәсіпорындар: «Өскемен арматура зауыты» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ, «Гидросталь» ЖШС және «Силумин-Восток» ЖШС.
Өңдеуші секторды одан әрі дамыту мақсатында өңірде жалпы құны 692 млрд теңге болатын 26 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл ретте 3000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ірі жобалардың қатарында – немістің HMS Bergbau AG компаниясымен әріптестік аясында жүзеге асырылатын екі бастама бар. Оның бірі – «Алатау Литий» ЖШС-мен бірлесіп, 2026 жылдан бастап литий өңдейтін байыту фабрикасын салу. Екіншісі – «Creada Corporation» ЖШС-мен бірге Ұлан ауданында пегматит кенін өңдейтін кәсіпорын салу.
Сондай-ақ, «East Smelting» ЖШС 2028 жылдан бастап Тарбағатай ауданында мыс өңдейтін тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жобаның инвестициялық құны — 217 млрд теңге.
Ағымдағы жылы «Востокмашзавод» АҚ-ның құю өндірісі 33,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту арқылы жаңғыртылады.
Мамандардың пікірінше, барлық жоспарланған жобалардың іске асуы өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, экономикалық дербестігін арттырады.