Глубокое ауданында кәсіпкерлер жаңа бағыттарды игеріп жатыр

Глубокое ауданында өз ісін бастағысы келетін тұрғындар көбейіп келеді. Қазір ауданда 2 715 шағын және орта бизнес өкілі тіркелген. Ауылдағы ағайын түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсіп ашып, тірлігін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәселен, биылғы бес айда ғана «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы аудан тұрғындарының 6 жобасы мақұлданып, оларға 56,1 млн теңге несие берілмек. Бұл қаржы ауылда 45-тен аса жаңа жұмыс орнын ашуға, турист санын 2 мыңнан асыруға және бюджетке салық түсімін көбейтуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер бұл несиені әртүрлі бағытқа жұмсап жатыр. Мысалы:
- көкөніс өсіру
- дәрумені мол шай дайындау
- бал қосылған кәмпит жасау
- жеміс қытырлақтарын шығару
- түшпара мен жұмыртқа өндіру
Сондай-ақ, ауданда туризмге де ерекше мән берілуде. Қонақүйлер салынып, демалушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарып жатыр. Жуырда «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» жолының бойында Ушаново ауылында «Белуха» атты жаңа кофехана ашылды.
2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Глубокое ауданында 153,4 млн теңгеге 9 жоба жүзеге асқан. Оның ішінде:
- 29,5 млн теңге – туризмді дамытуға,
- 123,9 млн теңге – ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге, шағын өндіріс ашуға жұмсалған.
Бұған қоса, өткен жылы аудан кәсіпкерлеріне «Бірыңғай кешенді бағдарлама» арқылы 49 түрлі қолдау шарасы көрсетілген. Оның ішінде:
- 28 жобаға 2,5%-бен берілетін 1172,8 млн теңге несие субсидияланған;
- 12 жобаға «Даму» қоры арқылы 407,4 млн теңгеге кепілдік берілген.
Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл кәсіпкерлігі қарқын алып келеді. Жергілікті тұрғындар тек мал өсіріп, егін екпей, баламалы табыс көздерін де меңгеріп жатқанын көреміз.