Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласын дамыту: кешенді жаңғырту мен қолжетімділік

Жаңалықтар / Өскемен / Шығыс Қазақстан 5-12-2025, 17:30

Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыс тұрақты жүргізіліп отыр. Өңір алдында тұрған басты міндет – медициналық көмекті барлық тұрғынға, әсіресе шалғай ауылдар мен алыстағы елді мекендерге қолжетімді әрі сапалы ету. Бұл мақсатқа жету үшін медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, материалдық-техникалық базаны нығайту маңызды. Соңғы жылдары облыста емдеу мекемелерін қайта жөндеу, жаңа ғимараттар салу, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.


Қазіргі таңда өңірде медициналық көмек көрсететін ұйымдар желісі кеңейіп, жан-жақты дамып отыр. Облыста 28 аурухана жұмыс істейді, оның 20-сы мемлекеттік, 8-і жеке меншік. Ал алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін 131 амбулаториялық-емханалық ұйым бар, оның 77-сі мемлекеттік, 54-і жеке секторда. Шалғай ауылдар мен елді мекендерде 36 фельдшерлік-акушерлік пункт, 172 медициналық пункт, сондай-ақ жеке ғимараты жоқ 11 медицина қызметкері көшпелі форматта қызмет көрсетеді. Мұндай желі ауыл халқының уақытылы медициналық тексеруден өтуіне, аурулардың алдын алуына және созылмалы сырқаттарды бақылауға мүмкіндік береді.


Сонымен қатар, облыста медициналық қызметтің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жеті негізгі ұйым бар: Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының филиалы, жедел медициналық жәрдем станциясы, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету базасы, патологоанатомиялық бюро, медициналық колледж, Сәбилер үйі және Қан орталығы. Бұл мекемелер тек емдеумен шектелмей, медициналық кадрларды даярлау, диагностика, шұғыл көмек көрсету және қан дайындау сияқты маңызды бағыттарды дамытуға үлес қосады.


Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы ұсынған деректерге сәйкес, облыстағы медициналық ғимараттардың 28,3%-ы орташа тозу деңгейінде. Сондықтан соңғы жылдары құрылыс, күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп, нысандардың техникалық жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылған.


«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 36 жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды. Қазіргі таңда олардың 34-і толық пайдалануға берілген, қалған екеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұл жобалар ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.


Қалалық деңгейде де жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мысалы, 2021 жылы Өскемен қаласындағы онкология және хирургия орталығының операциялық блогы, реанимация бөлімдері, маммология, гинекология және стерилизация бөлімдері толық жаңартылды. Сонымен қатар, облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың қабылдау-диагностикалық бөлімі жаңа форматта жабдықталып, пациенттерді қабылдау сапасы артты.


Мемлекеттік «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында да бірқатар жаңа медициналық нысандар салынуда. 2021 жылы Күршім ауданының Қалжыр ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, биыл Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде 150 орындық жаңа емхана пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Зайсан ауданының Қаратал ауылында және Өскемен қаласының Ахмер ауданында дәрігерлік амбулаториялар салынуда.


Сонымен қатар, облыста ірі медициналық жобалар іске асырылуда. Өскеменде Гематология орталығы бой көтеріп жатыр. Риддер қаласында 200 төсекке арналған көпсалалы стационар мен күніне 500 пациентті қабылдайтын емхана құрылысы аяқталуға жақын. Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусының бірнеше қабаттарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. «Ана мен бала орталығы» стационары босану үйіне бейімделіп, күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құралдармен толық жабдықталуда. Сондай-ақ облыстық аурухананың бір бөлігі реанимациялық бөлімге бейімделіп, күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жыл соңына дейін 11 медициналық нысан толық жаңартылып, пайдалануға берілмек.


2019–2024 жылдар аралығында облыста 87 жоба жүзеге асырылып, 57 нысан күрделі жөндеуден өтті, оған 15,1 млрд теңге жұмсалды. Жөндеу жұмыстары ауруханалар, емханалар, аудандық стационарлар, инженерлік желілер мен лифтілерді қамтыды. 2025 жылы 11 медициналық нысанды күрделі жөндеуге 3,7 млрд теңге бөлінді.


Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары қарапайым жөндеуден шығып, кешенді инфрақұрылымдық даму кезеңіне өтті. Ауылдық шағын медициналық пункттерден бастап, облыстық көпсалалы ауруханалар мен мамандандырылған жоғары технологиялық орталықтарға дейінгі жобалар тұрғындарға сапалы, қауіпсіз медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Ғимараттардың тозу деңгейін төмендету, жаңа медициналық орындар құру, құрал-жабдықтарды жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу – өңірдегі денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуының негізі болып отыр.


Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар