Мектептегі жасанды интеллект: жаңа дәуірдің алғашқы қоңырауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне арналған кеңесте бұл технологияны елдің экономикалық өсімі мен ұлттық дербестігін қамтамасыз ететін стратегиялық басымдықтардың бірі деп атап өтті. Мемлекет басшысы жаһандық бәсекеге төтеп беру үшін Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы мақсаттарға сай, Шығыс Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап білім сапасын түбегейлі жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынған болатын. Айталық, «Барлығына қолжетімді сапалы білім беру» ұлттық баяндамасы аясында облыстағы 105 мектеп «нысаналы» мәртебе алып, арнайы әдістемелік қолдауға ие болды. Сонымен қатар, өңір мектептерінде жыл басынан бері жасанды интеллект пен ойын жасау бағытында курстар ашылып, Өскемен мен Риддер қалаларында қосымша робототехника үйірмелері жұмысын бастаған-ды.
ШЫҒЫСТЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ КОМПЬЮТЕРЛІК ОЙЫНДАР ЖАСАУДЫ МЕҢГЕРІП ЖҮР
Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасы бойынша, халықаралық Astana Hub технопаркі базасында Қазақстан мектеп оқушыларының цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған ауқымды онлайн-платформа іске қосылған болатын. Бұл жоба аясында екі бағыт ерекше назарда: жасанды интеллект (AI), ойын жасау (Game Development).
Алғашқы кезеңде Қазақстан бойынша 300 педагог оқытудан өтті. Олардың ішінде Шығыс Қазақстандағы жеті білім беру ұйымының мұғалімдері болды.
Курстар edu.astanahub.com платформасы арқылы қашықтан өткізілді. Педагогтер осы жылдың қаңтар айынан бастап 10-шы сынып оқушыларына сабақ беруді бастады. Барлығы 319 оқушы оқытылуда, оның ішінде 143-і – жасанды интеллект бағыты бойынша, ал 176-сы – ойын жасау бағыты бойынша білім алуда.
Оқушылардың инженерлік және техникалық қабілеттерін дамыту мақсатында «Озық ұрпақ» жобасы аясында Өскеменнің төрт және Риддердің сегіз мектебінде робототехника үйірмелері ашылды. Аталған үйірмелерде балалар тек робот құрастырумен шектелмейді, олар бағдарламалау тілдерін үйренеді, механика және электроника негіздерін меңгереді, инженерлік жобаларды қорғап, жарыстарға қатысады. Қазір үйірмелерге 200-ден астам оқушы қатысып жүр. Жобаға қатысушылардың алғашқы нәтижелері де бар – бірнеше команда аймақтық робототехника жарыстарында жүлделі орындарға ие болды.
2024-2025 оқу жылында Шығыс Қазақстандағы білім беру жүйесі үш ірі бағытта ауқымды өзгерістерге бет бұрды: «нысаналы мектептерді» дамыту, цифрлық дағдыларды қалыптастыру және инженерлік-техникалық шығармашылықты қолдау. Бұл бастамалар бір-бірінен бөлек емес, керісінше, өзара байланысқан үш тірек болып отыр:
Егер бұл жобалар жүйелі түрде жалғасын тапса, 2030 жылға қарай білім сапасының композиттік индексі бойынша облысымыз еліміздің үздік бестігіне кіреді, цифрлық және техникалық бағыттағы түлектер саны көбейеді, мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші артады, сондай-ақ, ауыл мен қала мектебі арасындағы білім сапасы алшақтығы қысқарады.
Шығыс Қазақстанның білім беру саласындағы жаңа бастамалары – жай ғана жекелеген жобалар жиынтығы емес, бұл – білім сапасын арттырудың интеграциялық моделі. Мұнда әдістемелік қолдау, заманауи технологиялар және шығармашылық инженерлік бағыт бір арнада тоғысып отыр.
105 ОҚУ ОРНЫ «НЫСАНАЛЫ МЕКТЕПТЕР» ЖОБАСЫНА ЕНДІ
Білім – кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тірегі. Қазір әлем елдері білім сапасын арттыруда жаңа технологиялар мен ғылыми зерттеулерге сүйеніп отыр. Шығыс Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. 2024-2025 оқу жылынан бастап өңірде бірқатар ауқымды бастама іске қосылды. Бұл жобалардың басты мақсаты – білім беру ұйымдарындағы сапаны арттыру, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтумен қоса, оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне жол ашу.
Басқарма өкілі бұл бағыттағы жұмыстың стратегиялық маңызын атап өтті:
Облыс бойынша 343 мектептің ішінен 105 оқу орны «нысаналы мектеп» ретінде таңдалды. Өткен оқу жылынан бастап облыстың 25 толық жинақты мектебінде жоба іске аса бастады, ал алдағы жылдары оған 80 шағын жинақты мектеп қосылады.
Жанғазы Әліпбаевтың айтуынша, бұл іріктеу ауылдық аймақтардағы білім сапасына ерекше назар аударуға мүмкіндік береді:
«Нысаналы мектептер» жобасын тиімді жүргізу үшін білім басқармасы басшысының бұйрығымен жобалық кеңсе құрылды. Оның негізгі мақсаты – мақсатты мектептерге әдістемелік қолдау көрсету және жобаны өңір деңгейінде үйлестіру.
Кеңсе құрамына облыстық әдістемелік орталықтың мамандары, аудандық және қалалық әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері кіреді. Жобалық кеңсе тек қағазбастылықпен айналыспайды. Оның жұмысы нақты нәтижеге бағытталған: мектептерге сапалы оқу бағдарламаларын енгізу, мұғалімдерге жаңа әдістемелерді үйрету, оқу үдерісіндегі проблемаларды жедел шешу. Кеңсе ай сайын мектептермен кездесулер өткізіп, оқу үрдісін бақылап отырады.
Жоба шеңберінде «нысаналы мектептердің» педагогтеріне арналған үш деңгейлі біліктілік арттыру курстары енгізілді. Өткен жылы 25 мектептің мұғалімдері базалық деңгейден өтті. 2025 жылы тағы 80 мектептің педагогтері оқытудан өтеді.
«ҚОНАҚЖАЙ ОТБАСЫ»: БИЫЛ ТІЛ МЕН ДӘСТҮРДІ 140 БАЛА МЕҢГЕРДІ
Білімге қатысты атап өтерлік тағы бір жайт, биылғы 15-30 маусым аралығында облыста «Қонақжай отбасы» жобасының үшінші маусымы сәтті аяқталды. Бұл жоба – балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуімен қатар, олардың тілдік және мәдени ортада тәжірибе жинауына арналған ерекше бастама. Жоба Катонқарағай, Шемонаиха, Үлкен Нарын аудандарын қамтыды.
Жалпы, 140 бала мен 49 отбасы қатысқан бұл жоба балаларға қазақстандық көпмәдениеттіліктің нақты үлгісін көруге мүмкіндік берді. Қатысушылардың басым бөлігі – қазақ тілін ана тілі емес, екінші тіл ретінде үйреніп жүрген оқушылар.
Аудандық білім бөлімдері, ата-аналар және қонақжай отбасылар арасында үшжақты келісімшарт жасалды. Қабылдаушы отбасылар үшін білім басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерінің қатысуымен 36 сағаттық оқыту курстары өткізілді.
Нәтижесінде, тілді үйренуге мотивация артты – балалар тілді тек оқулық арқылы емес, күнделікті тұрмыста қолдануға үйренді, әлеуметтік-мәдени коммуникация қалыптасты – қонақжай отбасымен бірге өмір сүру арқылы балалар ұлттық салт-дәстүрлермен танысты. Сөздік қор байыды – практикалық тілдік ортада жаңа сөздер мен тұрақты тіркестерді меңгеру оңайырақ болды.