Шығыс Қазақстанның 30 елді мекені OneWeb спутниктік интернетіне қосылды

Өскемен / Жаңалықтар / Шығыс Қазақстан 3-12-2025, 18:30

Шығыс Қазақстан облысында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында шағын және алыс орналасқан 30 елді мекен алғаш рет OneWeb спутниктік интернетіне қосылды. Бұл – өңірдің цифрлық дамуындағы елеулі қадам. Қосылған ауылдар қатарында Глубокое ауданындағы Весёлое ауылы да бар, онда тек 59 тұрғын өмір сүреді.


Облыс аумағында ШҚО әкімдігі, «Jusan Mobile» компаниясы және Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігі бірлесіп, ауылдық жерлерді цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қосылған елді мекендерде орнатылған заманауи байланыс жабдықтары секундына 50 Мбит жылдамдықпен интернет қызметін қамтамасыз етіп, шамамен 100 метрге дейін аумақты қамтиды. Бұл ауыл тұрғындары үшін онлайн білім, қашықтықтан мемлекеттік қызметтер, телемедицина және басқа да цифрлық сервистерге қолжетімділікті арттырады.


OneWeb спутниктік технологиясы күрделі жер бедерінде де тұрақты сигнал ұстап тұруға қабілетті. Бұл әсіресе таулы және шалғай аудандарда интернеттің сенімділігін арттырады, қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары енді үйден шықпай-ақ электрондық үкімет (eGov) қызметтерін пайдаланып, мемлекеттік қызметтерге онлайн түрде қол жеткізе алады, қашықтықтан білім алып, медициналық кеңестер ала алады.


ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасы өңірдің цифрлық қамтылу интерактивті картасының жаңартылған нұсқасын таныстырды. Бұл картада интернетке қосылған елді мекендер мен OneWeb спутниктік терминалдарының орналасу нүктелері белгіленген. Ақпарат байланыс сапасын тұрақты мониторингтеу негізінде толықтырылып, жүйелі түрде жаңартылып отырады.


– Тұрғындардан түскен сұраныстарға сүйене отырып, облыстағы байланыс сапасын үнемі бақылауда ұстаймыз. Қаңтар-қараша айлары аралығында eOtinish платформасы арқылы байланыс операторлары қызметінің сапасына қатысты 206 шағым келіп түсті. Барлығы заңда белгіленген мерзім ішінде тіркеліп, қаралды. Біздің міндет – әр өтінішке дер кезінде әрекет ету және өңір тұрғындары үшін байланыс сапасын жақсарту, – деді ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасы Ақпараттық технологиялар орталығының талдау бөлімінің басшысы Индира Серікханқызы.


Интернетке қосылу ауылдық жерлерде өмір сапасын жақсартудың негізгі факторы болып отыр. Енді шалғай ауылдардың тұрғындары үшін білім алу мүмкіндігі артты, қашықтықтан жұмыс істеу немесе электрондық қызметтерге қол жеткізу жеңілдеді. Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлері үшін электрондық сауда мен цифрлық маркетингке шығу мүмкіндігі туды, бұл жергілікті экономиканы дамытуға септігін тигізеді.


Алдағы уақытта ШҚО билігі мен серіктес компаниялар ауылдық елді мекендердің цифрлық қамтылуын одан әрі кеңейтуге ниетті. Жобаның келесі кезеңінде байланыс сапасын тұрақтандыру, қосымша терминалдар орнату және интернет жылдамдығын арттыру жұмыстары жүргізілетін болады. Осылайша, OneWeb жобасы шағын ауылдарды үлкен цифрлық әлемге қосып, Шығыс Қазақстанның барлық тұрғындары үшін тең қолжетімділік жасайды.


Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар