ШҚО әкімі: "Катонқарағайдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 1-қыркүйекке дейін аяқталуы керек"

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Катонқарағайдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы барысын бағамдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобаның жалпы құны – 921,6 млн теңге. Оның ішінде 2024 жылға 886,3 млн теңге бөлінсе, қалған 35,3 млн теңге 2025 жылға қарастырылған. Қазіргі кестеге сәйкес, спорттық нысан 2025 жылдың IV тоқсанында толық пайдалануға берілуге тиіс.
Алайда, өңір басшысы құрылыс қарқынының төмендігін сынға алып, мердігер ұйымға жұмысты жеделдетуді, сонымен қатар жоба құнының жобалық-сметалық құжатта бекітілген сомадан аспауын қатаң ескертті. Нұрымбет Аманұлы кешенді 1 қыркүйекке дейін толық аяқтауды тапсырды.
Әкім аудан орталығындағы орталық стадионның қазіргі жағдайына да назар аударды. Көптен жөндеу көрмеген спорттық нысан күтімсіз күйде екені анық байқалды: алаңда арамшөп қаптап, инфрақұрылымы тозып кеткен. Бұл ретте Нұрымбет Сақтағанов аудан әкіміне стадионды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастауға және келесі келгенше толық жөндеп бітіруге тапсырма берді.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Руслан Акматалиев