Өскемен мен Риддерді жалғайтын жолдың 75 шақырымы жөнделіп жатыр

Өскемен 4-06-2025, 18:37

Шығыс Қазақстандағы Өскемен – Риддер бағытындағы автожол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды көлік дәлізі саналады. Жалпы ұзындығы 105 шақырым болатын бұл бағыт өңірдегі 11 елді мекенді өзара байланыстырып, облыс тұрғындары үшін басты қатынас жолының бірі болып отыр. Биыл аталған жолда ауқымды жөндеу жұмыстары аяқталып, тасжолдың қалған бөлігі 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2024 жылы «Қазақстан Даму Банкі» АҚ қаржыландыруы аясында Өскемен қаласынан Секисовка ауылына дейінгі (0-30 км) екі жол телімі толық жөнделіп, пайдалануға берілген болатын. Бұл аралықта жол төсемі жаңартылып, қалыңдығы 11 сантиметр болатын екі қабатты асфальтбетон жабындысы төселді.

Қалған 75 шақырым – Секисовка ауылынан Риддер қаласына дейінгі аралық – қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының бел ортасында. Жөндеу жұмыстарына бес құрылыс бригадасы жұмылдырылған: оның екеуі ресайклирлеу жұмыстарымен, екеуі жолдағы төмпешіктерді, қатқақ топырақты аймақтарды жоюмен, біреуі асфальтбетон төсеумен айналысуда.

Құрылыс жұмыстарының қарқыны дұрыс, ауа райы қолайлы болса, жолдың бұл бөлігі 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін толық аяқталып, қолданысқа берілмек. Жобаның жүзеге асырылу барысын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның ШҚО филиалы тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр. Техникалық қадағалау қызметімен қатар, пайдаланылып жатқан материалдар мен технологиялардың сапасын тексеру мақсатында ҚР «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК өңірлік зертханалары да тартылған.

Аталған орталықтың ШҚО бойынша бөлім басшысы Саяхат Мусапыров жол сапасына жүргізіліп жатқан бақылау жұмыстарының аясында анықталған кемшіліктер де болғанын алға тартты.

— Жол құрылыс маусымы басталғалы бері Өскемен – Риддер бағытындағы орташа жөндеу жүріп жатқан учаскеде 12 мәрте тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 29 түрлі жол-құрылыс материалы сынақтан өткізілді. Олардың екеуі талаптарға сай болмай шықты, алайда біреуі кейіннен стандартқа сәйкестендірілді. Сонымен қатар, көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін алты техникалық кемшілік анықталып, оларды жою туралы ескертулер мердігер ұйымдарға жіберілді, – деп нақтылады маман.

Осылайша, Өскемен – Риддер автожолындағы жөндеу жұмыстары қатаң сапалық бақылаумен қатар жүргізілуде. Жоба толық аяқталған кезде өңірдің солтүстік бөліктеріне қатынас жеңілдеп, тұрғындар үшін жол қозғалысы әлдеқайда қауіпсіз әрі жайлы болмақ.

Әл-Сана Азамат

Фото: «ҚазАвтоЖол» АҚ

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар