Сапасы жоқ жолға – ақы төленбейді: ақылы трассаларда жаңа талап енгізілмек

Өскемен 31-05-2025, 11:38

2025 жылдан бастап еліміздегі кейбір ақылы автожолдарда жүру үшін ақы төлеу тәртібіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі республикалық маңызы бар ақылы жолдар бойынша жүру құнына қатысты әділдікті көздейтін жаңашылдық енгізуге ниетті, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Жаңа ереже күшіне енсе, жүргізушілер сапасыз немесе қауіпті жол учаскелері үшін ақы төлемейтін болады. Яғни, белгілі бір ақылы жол бойында ақаулар, шұңқырлар, асфальт жамылғысының бұзылуы, жарықтандырудың жетіспеушілігі сынды қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кемшіліктер болса, сол бөліктегі жолақы уақытша алынып тасталады.

Мәселен, ақылы жолдың жалпы ұзындығы 100 шақырым, оның 5 шақырымында жөндеу қажет ақаулар болса, жүргізуші тек 95 шақырым үшін ғана ақы төлейді. Бұл тәртіп мәселе толық шешілгенге дейін сақталады.

– Бұл – көлік жүргізушілер тарапынан жиі көтерілетін өзекті мәселелердің бірі. Ақылы жолдың аты – ақылы, яғни сапасы соған сай болуға тиіс. Егер жүргізуші қалтасынан ақша шығарып, бірақ жолда қауіпке тап болса – бұл әділетсіздік. Сондықтан біз ақылы жолдарды пайдалануға қатысты ережелерге өзгеріс енгізу арқылы, бір жағынан, азаматтардың құқығын қорғасақ, екінші жағынан жол операторларының жауапкершілігін күшейтуді көздеп отырмыз, – дейді министрлік өкілдері.

Бұл бастама жол сапасына деген талапты арттырып қана қоймай, жолдарды басқарушы компаниялардың жұмысына нақты баға беруге мүмкіндік жасайды. Бұдан былай жол операторлары тек есеппен емес, істеген ісімен бағаланатын болады. Егер жолда ақау бар болса – кіріс азаяды, демек мәселені жедел шешуге ынта артады.

Жол сапасы мен қауіпсіздік мәселесі, әсіресе соңғы жылдары елімізде ақылы жолдар саны артқан тұста, қоғамда жиі талқыланып келеді. Бірқатар жүргізушілер, “жол сапасы нашар болса, неге ақы төлеуіміз керек?” деген сұрақты жиі қояды. Осы орайда Көлік министрлігінің бұл бастамасы көлік иелері тарапынан оң қабылданатыны сөзсіз.

Айта кетейік, жаңа талап 2025 жылғы маусым айынан бастап күшіне енуі мүмкін. Қазіргі таңда ережеге өзгеріс енгізу жұмыстары жүргізілуде.


Фото: tengrinews.kz

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар