Табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті

Қоршаған ортаның тазалығы мен табиғи байлықтарды сақтау – адам өмірінің сапасына тікелей әсер ететін мәселелер. Табиғатты аялау тек мемлекеттік органдардың жұмысы емес, әр азаматтың күнделікті жауапкершілігі. Бұл қағидат Қазақстанның жаңа Конституциясында да нақты көрініс тапқан.



Ата Заңның 37-бабына сәйкес, Қазақстан азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті. Сонымен бірге мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.

Бұл норма табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетеді. Қоршаған ортаны таза ұстау, су мен жер ресурстарын ұқыпты пайдалану, табиғи байлықтарды сақтау – баршаға ортақ міндет.

Конституцияда қоршаған ортаға қатысты ақпараттың ашықтығына да ерекше мән берілген. Адамдардың өмірі мен денсаулығына немесе табиғатқа қауіп төндіретін деректерді лауазымды адамдардың жасыруы заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

Осылайша, жаңа Конституция табиғатты қорғауды азаматтардың міндеті және мемлекеттің маңызды мақсаты ретінде бекітеді. Қоршаған ортаның қауіпсіздігі мен табиғи байлықтардың сақталуы бүгінгі ұрпақ үшін де, келешек үшін де маңызды.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter